Астана бүлдіршіндердің «Кішкентай жұлдызшасы» анықталды

   АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Кеше Астанадағы Оқушылар сарайында балалардың өнерін, әртістік қабілетін, сахнада өз-өзін  ұстауын, көрермендер аудиториясымен араласуын, фото, бейнекамера алдында өзін өзі көрсете білу қабілетін анықтау мақсатында «Кішкентай жұлдызша» балалар байқауы өткізілді,

Астана бүлдіршіндердің «Кішкентай жұлдызшасы» анықталды

деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Мектеп оқушыларын қазақстандық патриоттық рухына тәрбиелеу мақсатында жұмыс жасайтын Астана қаласының «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі  бұл сайыстың ұйымдастырылуына едәуір үлес қосты. «Қатысушы балаларды эстетикалық талғамға, сұлулыққа  деген сүйіспеншілікке, өз бетінше жүріп, шешім қабылдауға тәрбиелеп, шығармашылық жағынан дамыта отыра, біздер олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасаймыз», - дейді Астана қаласының «Жас Ұлан» қоғамдық бірлестігінің атқарушы хатшысы Әлібек Ыбыраев.

Сайысқа екі жас санаты бойынша (6-7 және 8-10 жас) жас бүлдіршін қыздар  қатыстырылды. Аталмыш көңілді де қызықты сайыста қатысушылар өздерінің ерекше вокалдық өнерімен, мың бұралған билерімен және өзіндік әртістік қабілеттерімен әділқазылар алқасы мен көрермендер қауымын таңғалдырды. Сайыс өздерін таныстыру, шығармашылық өнерін көрсету, қолдан түрлі қолданбалы бұйымдарды жасау, сурет салу және сән үлгілерін көрсету сияқты бөлімдерден тұрды.  Қатысушыларға жанкүйер болып, қолдау көрсетуге ата-аналары, достары және мектептегі оқытушылары келді. Көрсетілім барысында қатысушы қыздардың сайысқа аса зор дайындықпен келгені байқалды және олардың бұл еңбегі зая кеткен жоқ: 8-10 жас аралығындағы қатысушылардан №56 орта мектептің 3 сынып оқушысы Арайлым Ештаева «Кішкентай жұлдызша-2012»  атағын иемденсе, 6-7 жас аралығындағы бүлдіршіндерден №9 мектеп-лицейдің даярлық класының оқушысы Элизабетта Фраш бұл атақты иемденіп, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Сайысқа келген өзге де қатысушылар бос қайтқан жоқ, олар «Әсем ару», «Өнерлі ару», «Топ фэшн ару», «Кербез ару», «Талантты ару», «Көрермендер көзайымы», «Мейірімді ару», «Сымбатты ару», «Сән аруы», «Сүйікті ару» сынды аталымдарды иеленді.