Астана-Бурабай ақылы жолынан қанша қаражат түсті

Министр аталған жол бөлігінің сапалы екенін, 10 жылда жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін атап өтті.
"Астана-Бурабай жолы 2010 жылдан бері қолданыста және жолдың сапасы еш бүлінген жоқ. Бұл - бетоннан салынған Қазақстандағы алғашқы жол, 10 жылға жуық уақытта бірде-бір жөндеу жұмысын қажет етпеді. Мұнда жеңіл автокөліктер әр шақырым үшін 1 теңге төлейді, жүк көліктері үшін төлем құны өзгеріп отырады. Ал жергілікті тұрғындар абонемент алып, жылына мың теңге ғана төлейді", - деді Жеңіс Қасымбек Үкімет үйінде "Отандық өндірісті дамыту және көлік-логистика саласын жаңғырту" баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұл төлем жолды күтіп-баптауға толығымен жетеді және артылған қаражат өзге жолдарға беріледі.
"2018 жылы Астана-Бурабай ақылы жолынан шамамен 1,5 млрд теңге түсті. Яғни, шақырымына 1 теңгеден алсақ та, жол бөлігін нормативке сәйкес күтіп-баптауға толығымен жетеді. Одан артылған қаражат өзге жолдарға беріледі", - деді министр.
Еске сала кетсек, Алматы - Қорғас, Алматы - Қапшағай және Алматы - Теміртау жолдары ақылы жүйеге ауысқан болатын.
Министрдің айтуынша, алдағы екі жылда тағы 5,5 мың шақырым автожол үшін ақы алына бастайды.