«Астана-Бурабай» тасжолы бойында сервистік қызмет павильондары орнатылуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин халықаралық стандарттарға сай салынған жол бойындағы қызмет көрсету нысанының ашылуына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш жұмыстары өңірдегі жолдарда модульді павильондар орнату туралы өткен жылы Ақмола облысы әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның арасында жасалған келісім шеңберінде жүзеге асырылып отыр.

«Астана-Бурабай» тасжолының бойында жолаушылар үшін ыңғайлы «KazWay» модульді типті сервистік қызмет көрсететін алғашқы павильон орнатылды.

Аумағы 43 шаршы метр нысан үш қабатты терезе, суық өткізбейтін және өртке төзімді қабырға материалынан жасалған.

Қыс маусымында инфрақызыл жылытқыштармен жылытылады. Блок-модуль еліміздегі кәсіпорындарда шығарылған.  Алдағы уақытта осындай модульді павильондармен ана мен бала бөлмесін жабдықтау жоспарда бар.

Мердігер компанияның өкілі Алмаз  Қанаттың Ақмола облысы әкімі Мәлік Мырзалинге берген мәліметі бойынша нысанда жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Сымсыз интернет, бейнебақылау камерасы, шағын кофехана, ерлер мен әйелдер және мүгедектерге арналған дәретхана қарастырылған.

«Санитарлық жүйесінде біз ұшақтар мен пойыздарда қолданылатын вакумды технологияны қолданып отырмыз. Бұл су үнемдеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті компания директоры.

Бүгінгі таңда ешқандай талаптарға сай келмейтін бетон және кірпіштен жасалған ескі дәретханаларды сүру жұмыстары жүргізілуде. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ өкілі Ерлан Рысбековтың айтуынша: «Бұл Ақмола облысында жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымын жаңарту бойынша қолға алынған жұмыстардың басы ғана».

Маусымның 15 дейін осындай 6 павильон орнату жоспарланып отыр. Оның төртеуі «Астана-Бурабай» тас жолының бойында, тағы екеуі Бурабай курортында орнатылады.

Соңғы жаңалықтар