«Астана» мен «Челси» ойыны алдында Алматыда Орталық стадионға тегін автобустар жүреді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 12 желтоқсан күні сағат 20:30-да Алматы қаласының Орталық стадионында UEFA Конференция лигасы аясында «Астана» мен «Челси» командаларының футбол матчы өтеді.

Футбол жанкүйерлеріне стадионның есігі 18:00-де ашылады. Алматы қаласының әкімдігі стадионға кіру кезінде кептеліс болмас үшін жанкүйерлерге Орталық стадионға ертерек келіп, қоғамдық көліктерді пайдалануға кеңес берді.
Ресми мәліметке сәйкес, көлік кептелісін болдырмау мақсатында стадионға жақын аумақтарда 12 желтоқсан күні сағат 18:30-дан 00:00-ге дейін Абай даңғылының Байтұрсынов көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі аралығында қозғалыс шектеледі. Ал Байтұрсынов көшесінен Байзақов көшесіне дейін Сәтбаев көшесі толық жабылады. Жақын маңдағы көшелерде патрульдік полиция бекеттері қойылады.
Қала әкімдігі жанкүйерлердің Орталық стадионға баруы және кері қайтуы қолайлы болу үшін 8 тегін автобус маршрутын ұйымдастырмақ. Әр маршрутқа 10 автобустан бөлінеді. Жиналу нүктелерін 2GIS сервисі арқылы көруге болады.
Олар:
* Қалқаман шағын ауданы (№7 қалалық ауруханааялдамасы) – Орталық стадион.
* Орбита шағын ауданы (Мұстафин-Торайғыров көшелерінің қиылысы) – Орталық стадион.
* Айнабұлақ шағын ауданы (Мақатаев-Павлодар көшелерінің қиылысы) – Орталық стадион.
* «Халық Арена» аялдамасы (солтүстік бағыт) – Орталық стадион.
* Алматы-1 теміржол вокзалы аялдамасы – Орталық стадион.
* «Райымбек батыр» метрополитен бекеті – Орталық стадион.
* Наурызбай ауданының ХҚКО аялдамасы – Орталық стадион.
* Момышұлы-Мөңке би көшелерінің қиылысы аялдамасы – Орталық стадион.
Автобустар сағат 16:00-ден бастап жүре бастайды және толуына қарай жолға шығады.
- 12 желтоқсан күні қалада минус температура болады деп болжанады, сынап бағанасы шамамен -11 градус. Сондықтан жылы әрі ыңғайлы киім кию керек. Қауіпсіздік шараларына байланысты стадион аумағына термос алып кіруге тыйым салынады. Жанкүйерлер үшін стадион ішінде ыстық сусындармен жеңіл тағамдар сатып алуға болатын сауда нүктелері жұмыс істейді. Стадион айналасында 60 биодәретхана, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретханалар орнатылады, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін «Астана» мен «Челси» командалары арасындағы ойын Алматыда өтетінін жазғанбыз.