Астана циркі арыстанның тәлімгерге шабуыл жасағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық цирк манежде арыстанның тәлімгерге шабуыл жасағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«WhatsApp» мессенджерінде цирк қызметкеріне арыстан шабуылдаған видео таралуда. Оның астында «Бұл Астанада болған», «Бүгін Астанада» деген жазбалар бар.
«Бұл біздің цирк, біздің зал, біздің манеж емес. Бізде ондай оқиға болған жоқ. Бізде қазір бағдарламада жолбарыстар ғана бар, арыстан жоқ. Жексенбі қойылымға көрермен көп жиналды, бізде бәрі жақсы», - деді гастрольдік бөлімнің бастығы Шахризат Ибадилдина.
Сондай-ақ, циркте ондай қызметкердің жоқ екенін атап өтті.
ҚазАқпарат тілшісі анықтағандай, бұл бірнеше жыл бұрынғы видео. Оқиға 2010 жылғы қазанда Украинаның Львов қаласында орын алған.
Еске салсақ, бұдан бұрын ҚазАқпарат әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандарға ҚР Қылмыстық кодексінде бас бостандығынан айыратын жаза қарастырылғанын хабарлаған болатын.