Астана циркінде баспасөз орталығы ашылады

АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Сәуірдің 9-ы күні журналистермен кездесуде Астана циркінің бас директоры, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Бекболат Байсағатов Астана циркінде баспасөз орталығы ашылатынын мәлім етті,

Астана циркінде баспасөз орталығы ашылады
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Астана циркі бүгінде алыс-жақын шет елдерге біршама танылып қалды. Кеңес Одағы тұсында даңқты цирктердің бірнен салатын Мәскеу циркі қазақ астанасына жиі ат басын бұратын болды. Бұл - біздің өзгелермен терезесі тең, қалыптасып қалған ұжымдар санасатын өнер ордасы екендігіміздің белгісі», деді бас директор.Астана циркі жыл соңында Жапонияға, Қытайға, Америкаға және басқа да шет мемлекеттерге гастрольдық сапарға шығуды жоспарлап отыр. Былтыр Астананың 10 жылдығына сыйлық ретінде Қарағанды қаласы алтын велосипедке мінген акробаттың мүсінін орнатып берді. «Сарыарқа» деп аталатын шабандоздар тобының өнері елордалықтарға және басқаларға да кеңінен танылды, деді Б. Байсағатов. Цирк әртістері жан-жануарларға сахнадағы серіктес ретінде қарайды. Күтушілер бұл «әртістердің» бабын жасап, олардың азықтарына күш-қайратын демейтін дәрумендер қосады. Мәселен, бір арыстан күніне 10 килә ет жейді. Б. Байсағатовтың айтуынша, «цирк - атадан балаға даритын өнер», сондықтан, мұның құпиясын өнерлі де, батыл әулеттің балалары жақсы біледі. Дегенмен, балалардың арасында цирк өнеріне қызығатындар аз емес. Сондықтан, ол қаладағы мектептің басшыларымен және баласының цирк өнеріне ықыласы бар ата-аналармен келісіп, өрендердің цирктің күнделікті өмірімен және мұндағы дайындық барысымен танысуға шақырмақ ниеті бар. «Міне, осы және басқа да игі шараларды халыққа кеңінен таныстырып отыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарына арқа сүйейміз. Жаңалықтарды жариялап отыру үшін таяу уақытта цирк ғимаратынан баспасөз орталығын ашпақпыз», деді директор.