Астана циркiне Балтабек Жұмағұловтың аты лайық - бас директор
Астана. Сәуiрдiң 10-ы. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - «Астана циркiне алғашқы директор, цирк өнерiнiң майталманы, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Балтабек Жұмағұловтың атын беру туралы Астана қаласының әкiмiне, қалалық Мәслихат пен Ономастика комиссиясына ұсыныс түсiрмек ойымыз бар».
Бұл туралы бейсенбi күнi журналистермен жүздесу барысында Астана циркiнiң бас директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген әртiсі Бекболат Байсағатов мәлiм еттi, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Өйткенi ол жаңа ашылған Астана циркiнiң қалыптасуына бiрден-бiр ықпал етiп, өлшеусiз үлес қосты. «Қазақ цирк өнерiне Балтабектей еңбек сiңiрген жан кемде-кем. Сондықтан оның атын өзi ашқан циркке беру лайықты», - дедi директор. Б. Байсағатов халықтың көкейiнен табылған айтулы өнерпаздың есiмiн құрметтеуге деген осынау ықыласты елорда басшылығы қолдайды деген сенiм артты.