Астана дәрігерлері қалада «А» вирустық гепатиті дертінің өршитіндігін болжауда
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана дәрігерлері қалада «А» вирустық гепатит ауруының өршитіндігін болжауда.
Бүгін Астана әкімдігінде өткен денсаулық сақтау саласының мамандары мен мүдделі органдардың басқосуында сөз алған қалалық Санэпидқадағалау департаменті бастығының орынбасары Сархат Бейсенованың айтуынша, елордада «А» вирустық гепатит ауруы циклдық сипатта көрініс табады.
«Бұл дертті жұқтыру оқиғалары қалада 2-3 жыл бойына төмен деңгейде болса, келесі 2-3 жылда міндеті түрде жоғарылап отырады. 2010 және 2011 жылдары біздің аймақ үшін - «А» вирустық гепатиттің циклдық жоғарылау кезеңдері», - деді С. Бейсенова.
Оның атап көрсеткеніндей, «А» гепатиті циклдық өршуден бөлек, күзгі-қысқы кезеңдерде де белең алатын үрдіске ие. Соған байланысты дәрігерлер қауымы осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп отыр.
Таратылған мәліметке қарағанда, сырқатқа шалдығу көбінесе 2-9 жас аралығындағы балалар арасында кездеседі. Сондықтан Қазақстанда 2 жастағы балаларға гепатитке қарсы егу ақысыз жүргізіледі. Ол үшін 61,6 млн. теңгеге вакцина сатып алынған.
«А» вирустық гепатит дертін жұқтырудың жоғары көрсеткіші Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында тіркелуде.
«1999-2000 жылдары басталған жаппай вакцинациядан кейін, бұл ауруға шалдыққандардың саны 50 есеге азайды. Балалар арасында 80 пайызға төмендеді», - дейді Астана қаласының денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Лаура Ахметниязова.
Оның айтуынша, биылғы жылдың 9 айында Астанада «А» вирустық гепатиті дертін жұқтырудың 73 оқиғасы тіркелген. Оның 33-і - балалар.
«Ауруды алдын алу үшін елді мекендердегі санитарлық жағдайды жақсартып, халықты таза сумен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар балалар арасында дертке қарсы егу жұмыстарын жүргізу керек», - деп атап көрсетті ол.