«Астана дауысында» Григорий Лепс, Араш, DJ Sava, Қайрат Нұртас өнер көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада алғаш рет қазіргі заманғы музыка орындаушыларына мүсіншелер табыстау рәсімі өтеді, деп хабарлайды қалалық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі.

«Астана дауысында» Григорий Лепс, Араш, DJ Sava, Қайрат Нұртас өнер көрсетеді

«Астана дауысы» халықаралық фестиваліне Еуропа мен Азияның 15 мемлекетінен үздік әншілер қатысады.

Тұңғыш фестивальде Франция, Нидерланды, Швеция, Болгария, Румыния, Албания, Молдова, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Иран, Грузия және Қазақстандағы музыкалық хит-шерулердің абсолюттік көшбасшылары өнер көрсетеді.

Халық сүйіп тыңдайтын танымал әрі талантты, ғажайып энергия иелері мен миллиондаған табынушылары бар орындаушылар «Астана дауысы» фестивалінде бақтарын сынамақ. Қазақстанның елордасында сахна төрінде музыка индустриясына үрдіс беретін әншілер - Григорий Лепс, Светлана Лобода, Бьянка, Вилли Уильямс, Ильяс Ялчинташ, Араш, DJ Sava, Ева Симонс және басқалары өз шеберлігін ортаға салады. Қазақстанның атынан фестивальге танымал әнші Қайрат Нұртас қатысады.

Концертте кеңінен танымал музыканың үздік композициялары орындалады.

Айта кетейік, аталған әншілер радиостанциялар мен музыкалық арналарда рейтингтерде топ жарып, iTunes және Shazam қосымшаларында көш бастап отыр.

Үлкен концерт 27 тамызда «Қазақстан» ОКЗ өтеді. «Астана дауысы» фестивалі елорда тұрғындары мен қонақтарына жанды дауыспен орындалған жылдың үздік композицияларын тыңдауға мүмкіндік береді.