«Астана-Дуатлон-2016» жарысына қатысушылар 25 км қашықтықты бағындырды (ФОТО)

Спорттық жарысқа Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров қатысты.
- Меніңше қала күні қарсаңында бұл барша астаналықтар үшін үлкен мереке. Бәріңізді осы мерекемен құттықтаймын, - деді Кәрім Мәсімов.
Әділбек Жақсыбеков Мемлекет басшысының елімізде спорт пен мәдениетті дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес спорттық шаралар өткзіліп жатқанын атап өтіп, қатысушыларға спорттық дәстүрлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
- Барлық астаналықтарды осы оқиғамен құттықтаймын, ең бастысы - денсаулық, спортпен шұғылданыңыздар!- деді Әділбек Жақсыбеков.
Жарыс «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңнан басталып, сонда аяқталды. Биыл жарысқа қатысушылар республикамыздың тәуелсіздігінің мерейтойлық датасына орай 25 км бағындырды. Турнир үш кезеңмен өтті: 5 км жүгіру, 15 км велосипедпен жүру және 5 км қашықтыққа жүгіру.
Қатысушылар бес топ бойынша марапатталды. Дуатлоннан жарыста ерлер арасында 29 жасар Евгений Непомнящний және әйелдер арасында 16 жасар Жанерке Асан абсолютті чемпион атанды. Олар сәйкесінше, 56,10 минут және 1 сағат 13,21 минутта мәреге жетті. Аталған қатысушылар 16-30 жас аралығындағы жеңімпаздар. Яков Козлов (1 сағ 1 минут) және Елена Пономарева (1 сағ 22 минут) 31-40 жас санатында жүгіруде топ жарды. 41-50 жас санатында Игорь Карачев (59,43 минут) және Татьяна Михалева (1 сағ 24 минут) көш бастады. 50 жастан асқандар арасында қалада өткізілетін барлық спорттық-бұқаралық шараларға тұрақты түрде қатысып жүрген Болат Жәмішев үздік болды, ол қашықтықты 1 сағ 9 минутта бағындырды.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және елордалық спорттық мекемелерге абонементтермен марапатталды.
Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін дуатлонға қатысушылар мен қонақтар үшін «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда концерттік бағдарлама, сондай-ақ, лотерея ұтысы ұйымдастырылды.