Астана Дүниежүзілік туристік альянсқа мүше болды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы 30 қазан күні Visit Astana туристік бренді ретінде Дүниежүзілік туристік альянстың (WTA) ресми мүшесі болды, - деп жазды елорда әкімдігі сайты.

Астана
Фото: gov.kz

Астана Дүниежүзілік туристік альянстың жаңа мүшесі ретінде халықаралық туризмді дамыту және шетелдік қонақтарды тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, Қазақстанның әлемдік туристік аренадағы тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

«Xianghu Dialogue 2024» форумы 1 қарашаға дейін жалғасады. Оның барысында әлемнің 45 елінен келген туристік индустрия мен халықаралық ұйымдардың жетекші өкілдері қазіргі экономикалық үрдістер мен туризмнің жаңа бағыттарын талқылайды. Биылғы форум қатысушыларды туризм индустриясының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылауға шақыратын «Geared Up for a New Venture – The Future is Now» тақырыбымен өтіп жатыр. 

Астана
Фото: gov.kz

Негізгі тақырыптарға мыналар жатады: туризмді тұрақты дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, елдер арасындағы туристік өзара іс-қимылды кеңейту, сонымен қатар туристік индустриядағы инновациялар мен жасыл технологиялардың рөлі.

Дүниежүзілік туристік альянс – Қытайда құрылған халықаралық ұйым, ол ұлттық және аймақтық туристік бірлестіктерді, туристік компанияларды, дестинацияларды, ғылыми-зерттеу институттарын, БАҚ және басқа да мемлекеттік және жеке туристік субъектілерді біріктіреді. 

Астана
Фото: gov.kz

Қазіргі уақытта WTA-ға 44 елден 242 мүше, оның ішінде 45-тен астам салалық қауымдастық, 80 ірі туристік компания және 14 оқу орны бар. WTA мүшелеріне CNN International, Qatar Tourism, Los Angeles Tourism & Convention Board, Japan Airlines, United Airlines, Hyatt Hotels, Aeroflot, Airbnb және басқалары сияқты танымал ұйымдар кіреді.

Биылғы сегіз айда туризм саласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 527,6 млрд теңгеге жеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар