Астана эконо­мика­лық форумында Үкімет басшысы сөз сөйледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Х Астана эконо­мика­лық форумы өз жұмысын бастады. Оны ұйымдастырушылар санатында Қазақстанмен қа­тар Бүкіләлемдік банк, Еуро­па Қайта құру және даму банкі, БҰҰ-ның әріптес ұйым­дары бар. 

Астана эконо­мика­лық форумында Үкімет басшысы сөз сөйледі

Жүйелі түрде өтуі және көтерілетін мәселе­лердің ауқымдылығы мен қаты­су­шы­ларының біліктілігіне сәйкес соңғы жылдары «Қазақстандық Давос» деген атқа ие бола бас­таған бұл форум әдеттегідей екі күнге созылмақ.

Оның жұмысына әлемнің 100 елінен 3 мыңнан астам делегат қатысуда. Олардың қатарында танымал саясаткерлер, экономистер және түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері бар. Форумда әртүрлі формат бо­йынша 40 сессия өткізу жоспарланып отыр. Әлемдік экономиканың цифрлануы, болашақтың ақылды да орнықты дамушы қалалары, мемлекеттердің жасыл экономикаға көшуі тақы­рыптары бо­йынша пікірталастар ұйымдастырылады.

100-ден астам шетелдік және отандық ло­­гис­тикалық компаниялардың қаты­суы­мен көліктік-логистикалық форум өткі­зіледі. «Жаңғырту 3.0» сапалық деңгейді көтереді  Форумдағы алғашқы ірі шаралардың бірі ретінде өткізілген Бүкіләлемдік банктің «Қазақстан: елді жүйелі диаг­ностикалау» атты сессия жұмысына Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қатысып, сөз сөйледі.

Ол бұл жолғы форумның елімізде өткізіліп жатқан аса ірі халықаралық шара - ЭКСПО-2017 көрмесімен қатар келгендігін және биыл­ғы жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік банк ынтымақтастығына 25 жыл тола­тын­дығын атап өтті.

«Қазақстан мен Бүкіл­әлемдік банк әріптестігі өз жемісін беруде. Ұлттық экономиканы қайта құру, оны ырықтандыру ісіне бұл халық­аралық қаржы институты өз үлесін қосты. Бүкіләлемдік банктің қатысуы­мен елімізде 1300 шақырым жол салынып, Сырдария жағалауын шегендеу, Аралдың солтүстік бөлігін қайта қал­пына келтіру секілді ірі жобалар жүзеге асты», деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, ол қазіргі күні атқарушы биліктің ел Президентінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы - жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы негізінде жұмыс істеп жатқандығын айтып өтті. «Біздің алдымызда қазір өршіл міндеттер тұр. Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндет бойынша ел­дің жаңа сапалық деңгейде дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл бизнес ортаны жақсарту, адам капиталының сапасын арттыру, жаңа менеджмент қалыптастыру, экспорттық-инвестициялық саясатты жүзеге асыру мәселелерін қамтиды. Жүргізілген жүйелі талдаулар бізге  8 негізгі бағытымызды анықтап берді. Олар - отын-энергетикалық кешенді, агроөнеркәсіп кешенін, көлік пен логистиканы, туризмді, сауда саласын, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту. Бұлардың әрбірін жаңа заманның жетістіктерімен қамтуымыз керек. Мәселен, сауда саласында не істеуіміз керек? Бізге қандай сауда керек? Осының бәрі өте маңызды мәселелер. Алдымызда электрондық сауданы қалыптастырып, дамыту міндеті тұр. Жалпы, аталған әрбір бағыт бойынша мақсатты көрсеткіштер белгіленген. Әрбір министр қай жылы қандай нәтижеге қол жеткізуіміз керегін жақсы біледі», деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы үс­ті­міз­дегі жылдың бес айында біршама жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіл­ген­дігіне тоқталып өтті. Экономи­каның басқа салаларының да көте­ріле бастағандығын мәлімдеді. «Пре­зи­денттің «Қазақстан-2050» Страте­гия­сында алға қойған дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз үшін бізге эконо­миканың жылдық дамуын 2021 жылға таман 5,5 пайызға көтеруіміз керек», деді Үкімет басшысы. Міне, осы тұрғыда Қазақстан Үкіметінің жұмыстың тиімді жаңа форматына, жаңа идеяларға мүдделі екендігін, Бүкіләлемдік банк әзірлеген «елді жүйелі диагнос­тикалау» жобасынан жақсы үміт күтетіндіктерін жеткізіп, бастамаға табыс тіледі.