Астана экономикалық форумы аясында БАФ пен АЭФ-тің бірлескен сессиясы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Боао азиялық форумының бас хатшысы Чжоу Вэньчжунмен кездесті. Кездесу барысында 2016 жылдың 25-26 мамыр күндері өтетін Астана экономикалық форумы аясында БАФ пен АЭФ-тің бірлескен сессиясы мен «Еуразиялық экономикалық одақпен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын түйіндестіру» тақырыбындағы энергетикалық ресустар және тұрақты даму форумын өткізу өткізу мәселесі келісілді.

Астана экономикалық форумы аясында БАФ пен АЭФ-тің бірлескен сессиясы өтеді

Кездесу БАФ-ты ұйымдастыру комитетінің Бейжіңде аккредиттелген дипломатиялық миссия басшыларына арналған брифингі аясында өтті. Шара барысында қазақстандық тарапқа БАФ-тың «Азияның жаңа келешегі: жаңа қарқын, жаңа көзқарастар» атты жыл сайынғы конференциясына шақыру табысталды. Аталған шара 2016 жылдың 22-25 наурызы аралығында Хайнаньда өтеді.

БАФ бас хатшысы Чжоу Вэньчжун өз сөзінде конференция аясында 80-нен астам сессия өтіп, ірі компаниялар басшыларының екіжақты сұхбаттары, өнеркәсіп өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер, қытайлық және шетелдік министрлердің, губернаторлар мен мэрлердің кездесуі өтеді.

Айта кетейік, Боао форумы - үкіметтік емес, коммерциялық емес халықаралық ұйым. Ол 2001 жылы құрылған. 2002 жылдың сәуірінде БАФ-тың бірінші жиыны өткен болатын. Осы жиыннан кейін Боао форумы жыл сайын өткізілетін болды. Жыл сайынғы конференцияның тұрақты өтетін орны - Хайнань провинциясының оңтүстік бөлігіндегі Боао курортты қаласы.

БАФ-қа мүше мемлекеттер - Бангладеш, Австралия, Бруней, Камбоджа, ҚХР, Үндістан, Индонезия, Жапония, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Лаос, Малайзия, Моңғолия, Бирма, Непал, Пәкістан, Филиппин, Оңтүстік Корея, Сингапур, Шри-Ланка, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан, Израиль, Өзбекстан, Вьетнам және Жаңа Зеландия.