Астана экономикалық форумына шақырылған спикерлердің барлығы келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ХІ Астана экономикалық форумына шақырылған спикерлердің барлығы да келеді. Бұл туралы аталған форумның бас продюсері Болат Столяров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ағымдағы жылы форумға ең беделді спикерлер келеді. Олар форумның негізгі «қозғаушы» күші болмақ. Мәселен, биылғы шараға Аррle компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк, әлемдегі беделді футуристің бірі Митио Каку қатысады. Сонымен қатар әлемдегі беделді экономистің бірі Джим О'ниль де форумның мәртебелі қонағы болады. Мұнан бөлек, қартаю процесін тежеу мәселесін зерттеуші Обри Ди Грейдің келетіндігін де атап өткеніміз жөн. Форумға әлемде ең бірінші болып адам ағзасын жасанды жолмен алған Энтони Атала да қатысады», - деді Болат Столяров.
Айта кетейік, Global Challenges Summit 2018 бағдарламасы заманауи әлемнің 11 маңызды сын-қатерлерінің айналасында құрылған: бірыңғай экономика және ғаламдық стратегия, ресурстар және таза энергия, ұзақ ғұмыр және жаңа адамзаттың әлемі, цифрландыру, болашақтың ақшасы, ғаламдық қауіпсіздік және урбанизация. Global Challenges Summit 2018 Астаналық экономикалық форум базасында 2018 жылғы 17 мамырдан 19 мамырға дейінгі аралықта өтеді. Саммит спикерлері қатарында Францияның бұрынғы президенті Олланд Франсуа, физик, футуролог Митио Каку, Халықаралық олимпиада комитетінің Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун, Golman Sachs бұрынғы төрағасы Джим О'Нил және басқа да танымал тұлғалар бар.
Фото: permforum.ru