Астана ел дамуының тірегіне айналды - Әсет Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорданың Алматыдан Астанаға көшірілгеніне 20 жыл толған күн. Осынау айтулы датаға орай Астана әкімі Әсет Исекешев астаналықтар және қала қонақтарына құттықтау жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана ел дамуының тірегіне айналды - Әсет Исекешев

«Сіздерді 10 желтоқсан - елорданың Алматыдан Астанаға көшірілген күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан жиырма жыл бұрын, дәл осы күні егемен еліміздің тарихында, Елбасының тағы бір стратегиялық маңызы зор идеясы жүзеге асты. Халқымыз ел болғалы өз астанасын өзі таңдап, саяси-әкімшілік, мәдени-рухани орталығын белгіледі. Мемлекет тарихындағы ұлы көш елдің де, Елбасының да үмітін ақтады деп есептеймін. Бүгінде Астана өзге өңірлер бой түзейтін қала ғана емес, ел дамуының тірегіне айналды. Ел өркендеуінің жаңа парағын ашқан осы күн жылы естеліктерге толы тарихи күнге айналды. Астанамыз өркендей берсін, елдігіміз мәңгі болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке тілеймін!», - дейді Әсет Исекешев құттықтауында.

Әсет Өрентайұлының  құттықтауы Астана қаласының ресми сайтында жарияланды.