Астана елдің саяси орталығы болғандықтан өнеркәсіптік өңір ретінде дамытылмайды - И.Тасмағамбетов
АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана елдің саяси орталығы болғандықтан өнеркәсіптік өңір ретінде дамытылмайды. Бұл туралы бүгін әкімдікте өткен мәслихат отырысында қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов айтты.
Астана қаласының алдағы 2011-2015 жылдарғы даму бағдарламасының жобасын қарастыру барысында депутат Ермек Оспанов: «Ертеңгі күні елордалық кәсіпорындар Кедендік одақ шеңберінде ресейлік және беларустік өнімдермен бәсекелесе алады ма?», - деген сауалын қойды.
Сұраққа жауап берген И.Тасмағамбетов: «Астана елдің саяси орталығы екендігі сан мәрте айтылып келеді. Сондықтан өнеркәсіптік өңір ретінде ол дамытылмайды. Бізде өңірлік жалпы өнімнің (ӨЖӨ) 62 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Алдағы жоспар оны 80-ге жеткізу. ӨЖӨ-нің 22 пайызын құрылыс құрайды. Бірақ ол төмендеу үрдісіне қарай жылжитын болады. Себебі соңғы бес жылдағыдай қалада қарқынды құрылыстар болмайды. Тұрғындардың саны да 700 мыңға жетті. Ішкі көші-қонның есебінен бұл санның алдағы уақытта 1 млн. 100 мыңға жетуі ықтималдығын жоққа шығармаймыз. Соған сәйкес, шағын және орта бизнес те дами түспек. Ал өнеркәсіптік салаға келетін болсақ, Елбасының тапсырмасына сәйкес қалада индустриялық парк дамуда», - деді.
Әкімнің айтуынша, бүгінде 600 гектар жерге қазығын қаққан индустриялық парктың инженерлік инфрақұрылымы 90 пайызға орындалды. Оған енген жобалардың алғашқысы - «Локомотив құрастыру зауыты» былтыр іске қосылып, қазір қарқынды жұмыс істеуде. Индустриялық парк аумағында жалпы құны 500 млн. АҚШ доллары болатын барлығы 150 кәсіпорын тұрғызу көзделіп отыр. паркты инвестициялық жобалармен толықтыру мақсатында Үйлестіру кеңесінің шешімімен парк аумағында 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Оның үшеуі - серпінді жобалар.
Тасмағамбетовтың пікірінше, Астанада қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар заманауи қондырғылармен жабдықталған. Сондықтан шығарылған өнімдер сапалы, өз кезегінде бәсекеге қабілетті болатындығына сенімі мол екендігін білдірді.