Астана емханаларындағы тіркеу бөлімі не себепті нашар жұмыс істейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы қалалық емханалардағы тіркеу бөлімдерінің не себепті нашар жұмыс істейтіні жайлы сұраққа жауап берді.

Астана емханаларындағы тіркеу бөлімі не себепті нашар жұмыс істейді

«Емханалардағы кезекті азайту және халыққа қызмет көрсету деңгейін көтеру мақсатында тіркеу бөлімінің жұмысы оңтайландырылды. Науқастардың үйіне барып қызмет көрсету уақыты ұлғайтылды және жұмыс күні кешкі 20:00-ге дейін ұзартылды. Телефон, веб-сайт арқылы алдын ала жазылу мүмкіндігі қарастырылуда және қосымша телефондар орнатылды. ҰОС ардагерлеріне бөлек қызмет көрсету ұйымдастырылды. Сенім телефоны да жұмыс істеп тұр», - деп жазды мекеменің баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде.

Кейбір емханалардың тіркеу бөлімінде әлеуметтік қызметкерлер (психологтар) табысты еңбек етуде. Қаланың барлық емханаларында жастар орталығы бар, оның негізгі мақсаты жастарға психологиялық, профилактикалық, әлеуметтік көмек және ақпараттық қолдау білдіру. Бүгінгі таңда қалада 10 жастар орталығы бар, онда сенім телефондары жұмыс істейді және дәрігерлер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер ақыл-кеңестерін береді.

«Астана қаласының № 4, 5, 7, 8, 9,10 қалалық емханаларының тіркеу бөлімдеріне электронды кезек жүйесі енгізілген. Сол арқылы күту уақыты азайды, келушілерге ыңғайлы жағдай жасалды және жанжалды оқиғалар азайды. Дәл осындай жүйелер биыл қаланың барлық емханаларына енгізіледі», - делінген хабарламада.