Астана филармониясы симфониялық оркестрінің XIV концерт маусымы ашылады

АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - 1 қазанда Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залында Халықаралық музыка күні құрметіне Астана қаласы мемлекеттік филармониясы симфониялық оркестрінің XIV концерт маусымы ашылады.

Астана филармониясы симфониялық оркестрінің XIV концерт маусымы ашылады

 Бұл туралы Астана филармониясының баспасөз қызметі хабарлады.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.
Бағдарламада Т.Қышқашбаевтың «Шаттықты елім» симфониялық поэмасы, К.Сен-Санстың «Органдық симфониясы», С.Прокофьевтің «Оркестрмен фортепиано үшін №1 концерті» орындалады.

Солистер - органшы, органдық музыкадан халықаралық конкурстардың лауреаты Салтанат Әбілханова және пианиношы, профессорлар Тұрар Әбілқайыровтың, Алтай Құсайыновтың (Қазақстан) және Тамас Унгардың (АҚШ) шәкірті, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, жас орындаушылардың ХХ республикалық байқауы бірінші сыйлығының,  "Shabyt-Inspiration" пианистер халықаралық байқауының (Астана қаласы) бірінші сыйлығының иегері, "Шабыт-Inspiration" конкурсының камералық музыка аталымында Гран-При иегері Дина Дүйсен. Ол сондай-ақ Сенигалиядағы (Италия) халықаралық пианистер еконкурсының үшінші жүлдесін де иеленген.

Дина жекелей де, камералық жанрда да  "Duissen Duo" дуэты құрамында ТМД, Еуроодақ елдерінде, Ұлыбританияда, Азия мен АҚШ-та, Вена консерваториясында және басқа да беделді залдарда, көптеген елдер президенттері алдында өнер көрсетті. Қазақ ұлттық музыка академиясын үздік бітіріп, АҚШ-тың Форт Уерт қаласында аспирантурада оқуға стипендияға ие болып, оны 2008 жылы аяқтады. Сол жылы Дина Лондондағы Корольдік Музыка Академиясына түсіп, оқуын жалғастыруда.   

Оркестр өзінің жаңа концерттік маусымын бастайды. Алда жаңа концерттер мен орасан зор жобалар тұр. Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте «Accordi di Astana» музыкалық фестивалінің таныстырылымында оркестр қазіргі замандағы көрнекті пианист Денис Мацуевпен бірге П.И.Чайковскийдің Бірінші фортепианолық концертін орындады.