Астана филармониясында ұлы Абайдың қара сөздері бойынша әдеби-музыкалық кеш өтеді
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - 7 ақпанда Астана мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптары Конгресс-Холл сарайында ұлы Абайдың қара сөздері бойынша әдеби-музыкалық кеш өткізеді.
Бұл туралы филармонияның баспасөз қызметінен хабарлады.
Заман өзгерсе де, жаңа құндылықтар пайда болса да, біз Абайды іздейміз. Артына өлмейтұғын сөз қалдырған ғұламаның біле білгенге айтары - телегей теңіз.
Кеш барысында филармонияда қызмет ететін кәсіби әртістер, сахна жүргізушілері Сырым Қашқабаев, Әділ Ахметов, Жанна Әубәкірова, Жансұлу Жүзбаева, қазақ халық аспаптар оркестрі, ҚР халық әртісі Қайрат Байбосынов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қияқбай Асамбаев өнер көрсетеді.
Бұл кештің басқа концерттерден айырмашылығы - филармонияның музыкалық-шығармашылық бөлімінде қызмет ететін театр әртістері мен сахна жүргізушілері Абайдың қара сөздерін оқыса, музыканттар мен әншілер халыққа кеңінен танымал Абай әндерін орындайды. Осылайша елордалық филармония қарамағындағы бірнеше шығармашылық ұжымдардың басын қосып, ән мен жырды, қара сөзді ұштастыру арқылы халыққа Абай мұрасын насихаттауды мақсат етті. Бұған дейін 2012 жылдың 23 қазанында ұйымдастырылған бұл форматтағы игі шара - Р.Брэдберидің «Вино из одуванчиков» шығармасының желісі бойынша қойылған сентименталды эссе көрермендердің ыстық ықыласына бөленген еді.
Қазақ халық аспаптары оркестрі - Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік филармониясының алғашқы кәсіби шығармашылық ұжымы (1997 жылы құрылған).
Оркестрдің құрамына Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Анар Мұздаханова, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Ботагөз Тәшімова, Жанар Жүсіпова, Жанар Қасымова, Алмат Сайжан, Сәттібек Баяхов, республикамыздың әйгілі музыканттары, Құрманғазы атындағы Ұлттық Консерваторияның және Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің дарынды түлектері кіреді.
Он бес жыл ішінде оркестр үлкен табыстарға жетті. Бүгінгі күнде ұжымның репертуарында қазақтың халық композиторлары Ықыластың, Сүгірдің, Қорқыттың, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Д.Нұрпейісованың, Түркештің, Тәттімбеттің, Қазақстан композиторлары Ахмет Жұбановтың, Е.Брусиловскидың, Мұқан Төлебаевтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Латиф Хамидидің, Кенжебек Күмісбековтің, Ғазиза Жұбанованың және т.б., орыс, шетел композиторларының шығармаларынан М.Глинканың, П.Чайковскийдің, Г.Свиридовтың, Е.Доганың, қазіргі заман және шетел авторларынан: В.Моцарттың, И.Штраустың, И.Брамстың, Д.Пучинидің, Д.Вердидің шығармалары бар.
Астаналық оркестрмен әйгілі дирижерлер КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор - Шамғон Қажғалиев, Ресей Федерациясының, Қазақстан Республикасының және Татарстанның халық әртісі, профессор - Фуат Мансұров, Өзбекстанның халық әртісі, Т.Жамилов атындағы Мемлекеттік оркестрдің көркемдік жетекшісі, профессор - Фарух Садықов, ҚР Еңбек сіңірген әртістері - Жалғасбек Бегендіков, Есіркеп Жолдасов сияқты өнер саңлақтарымен концерттер қойды.
Қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», ҚР Композиторлар Одағының мүшесі, профессор Айтқали Жайымов.
«Мәдениет қайраткері» Нұрлан Бекенов осы ұжымда дирижерлік қызмет атқарады.