Astana Finance Days 2026: Астанада 80-нен астам елдің өкілдері бас қосады
АСТАНА. KAZINFORM — 9–10 қыркүйекте Астанада IX Astana Finance Days 2026 халықаралық қаржы форумы өтеді. Іс-шараны «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ұйымдастырады.
2018 жылы құрылған сәттен бастап Astana Finance Days Еуразия өңірінің капитал нарықтарын дамытуға және Қазақстанда жаңа бизнес мүмкіндіктерін қалыптастыруға ықпал ететін негізгі қаржы форумдарының бірі ретінде танылды.
2026 жылы форумға әлемнің 80 астам елінен 5 500-ден астам қатысушы келеді деп күтіледі. Олардың қатарында инвесторлар, қаржы және технология секторларының өкілдері, мемлекеттік органдар, реттеушілер мен халықаралық бизнес көшбасшылары бар: Жаслан Мәдиев (ҚР ЖИЦДМ), Тимур Сүлейменов (ҚР Ұлттық банкі), Елена Бахмутова (Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы), Кубанычбек Омуралиев (Түркі мемлекеттері ұйымы), Сами Ибрагим Аль-Сувайлем (Islamic Development Bank Institute), Тимур Турлов (Freedom Holding Corp.), Кирилл Хомяков (Binance), Александр Диаковский (ITS), Санжар Жамалов (Mastercard), Ибрахим Жанлыел (Air Astana), Бен Пауэлл (BlackRock), Йылмаз Коджагөз (Goldman Sachs), Джад Эллаун (Brookfield), Афина Мяо (BigONE Eurasia), Дэвид Сол (FTSE Russell), Саллиэнн Тейлор (Bloomberg), Аида Чодулова (Kyrgyz Stock Exchange), Александр Круглов (Telegram/TON), Дрю Гафф (Siguler Guff), Джошуа Чанг (Hong Kong Investment Corporation), Джонсон Чуи (Hong Kong Exchanges and Clearing), Хо Жуйжун (Shanghai Stock Exchange), Барри Чан (CICC) және жаһандық қаржы нарығының басқа да беделді сарапшылары бар.
— AFD 2026 практикалық шешімдер әзірлеуге бағытталған тереңдетілген пікірталастар форматында өтеді. Форум қатысушылары жаһандық трендтерді талқылап, бизнес пен инвестиция үшін жаңа бағыттарды зерделеуге, қаржылық қызметтердің кәсіби көрмесіне қатысуға, сондай-ақ инвесторлармен, топ-менеджерлермен және сала көшбасшыларымен іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік алады, — делінген хабарламада.
Форум бағдарламасына пікірталастармен қатар AFD Exhibition көрмесі де кіреді. Көрме алаңында банктер, қаржы институттары, инвестициялық және басқарушы компаниялар, финтех және технологиялық жобалар өз өнімдері мен шешімдерін таныстырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Astana Finance Days негізгі мақсаты — инвестициялық байланыстарды нығайтып, жаңа жобалар мен халықаралық серіктестіктерге жол ашу.
Қатысушыларды тіркеу және форум бағдарламасы Astana Finance Days ресми сайтында қолжетімді.