Astana Finance days: Ұлыбританиялық маман ШОБ дамыту жолдарын ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемдік бухгалтерлер мен аудиторлар қауымдастығының (АССА) өңірлік жетекшісі Викас Аггарвал шағын және орта бизнесті дамыту жолдары туралы кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Astana Finance days: Ұлыбританиялық маман ШОБ дамыту жолдарын ұсынды

Викас Аггарвал әлем бойынша шағын және орта бизнестің тұрақталып келе жатқанын атап өтті және нарықта озық болу үшін бірқатар кеңестерімен бөлісті.

«Әлемдік қаржылық дағдарыста шағын және орта бизнес тұрақтап қалды және жаңа жұмыс орнын ашты. ШОБ дамыған елдерде ғана емес, дамушы елдерде де экономиканың жоғары үлесін иеленіп отыр. Нарықта озық болу үшін шағын және орта бизнес жаңа технологиялар мен өнімдерге, жаңа қызметтерге қаражат жұмсағаны жөн», - деді Викас Аггарвал Astana Finance days аясында өткен «Getting trained for IPO» семинарында.

Оның айтуынша, компанияның директорынан бастап, жұмысшыға дейінгі әрбір қызметкер қай бағытта жұмыс істеп жатқанын анық ұғынуы тиіс.

«Әу баста шағын және орта бизнестің стратегиялық өсімі мен нақты жоспары болуы қажет. Ұйымның жұмыс істеу мақсатын анықтау керек. Мақсатсыз, жай ғана ақша тапқысы келетін бизнестің пиғылын халық сезіп қояды. Технологиялар бәрін өзгертіп жатыр. Бір жағынан шығынды азайтса, екінші жағынан сын-қатерді көбейтті. Технологиялармен қалай жұмыс қажеттігін түсіну керек», - деді Викас Аггарвал.

АССА жүргізген зерттеулерге сәйкес, шағын және орта бизнестің сыртқы консультацияларға көбірек жүгінетіні анықталған.

«Мұнда констультанттар, бизнес-кеңесшілер, технология бойынша кеңесшілер және бухгалтерлер маңызды рөл атқарады. Бухгалтерлік есеп немесе цифр мен салық қана емес, стратегия мәселелеріне де баса назар аударған жөн. Біз (АССА) өз мүшелерімізді стратегиялық ойлауға үйретеміз. Біздің зерттеуіміз бойынша, өсім қарқыны жоғары шағын және орта бизнес кеңесшілерге көбірек жүгінеді», - деді сарапшы.

Сонымен бірге, ол түрлі компанияларды қызықтырған шағын және орта бизнесті қаржыландыру туралы сұраққа жауап берді.

«Қаржыландырудың қай механизмі сәйкес келетінін жекелей қараған жөн. Әрине, IPO-ға дейінгі жол - ұзақ әрі күрделі, дегенмен оның артықшылықтары да аз емес. Сондай артықшылықтардың бірі - ғылыми-зерттеу немесе тәжірибелік-конструктивті жұмыстарды инвестициялауға ауқымды қаражат салуға болады. Қалай болғанда да, IPO-ның не үшін қажет екенін үғынып, қажетті бағытқа бет алған жөн», - деп өз сөзін түйіндеді Викас Аггарвал.

Айта кетейік, Astana Finance Days форумы аясында АХҚО-да тұңғыш рет «Getting trained for IPO» практикалық семинары өтті. Практикалық семинарға түрлі халықаралық мамандар шақырылған. Олар компания өкілдеріне бухгалтерлік есептің маңыздылығын, дұрыс қаржы үлгісі мен корпоративті басқару жолдарын түсіндірді.

АХҚО бюросы үздік 20 компанияны іріктеп, олардың шетелдік инвестиция тартуына көмектесуді жоспарлап отыр. АХҚО басқарма төрағасының орынбасары Ернұр Рысмағамбетов отандық компаниялардың IPO-ға шығу әлеуетіне баға беріп, қор нарығына бүкіл компаниялардың шығуы міндет емес екендігін атап өтті.

«Жарты жылда жобалар мен инвесторлар қалауының арасы тым алшақ екенін байқадық. Сондықтан, компанияларға ішкі трансформация, қызметкерлерді оқыту жөнінде тренинг ұсынып отырмыз. IPO-ға шығу - тек қана ақша алып отыру емес, IPO-дан кейінгі өмір тіпті қиындай түседі. Инвесторлармен бірігіп жұмыс істеу керек, ашық саясат ұстанып, есептерді көрсету қажет. Шын мәнінде, барлық жобалар IPO-ға мұқтаж емес. Кей компанияларға жай ғана инвестор немесе қор инвестициялары керек. Себебі, IPO - компания үшін ең жоғарғы деңгей. Өз өндірісін кеңейткісі келетін компаниялар да бар. Егер қызықты болса, жылдам өсіп, жоғары табыс тапса, әр компанияның мүмкіндігі бар деп есептеймін. Көптеген орташа компаниялар бизнеспен айналысады бірақ шетелдік инвестор тартуды ойламайды. Сондықтан, оларға өз қабілеттерін шыңдап, халықаралық қор нарықтарына шығуы үшін құралдар мен жол картасын ұсынғымыз келеді», - деді АХҚО өкілі.

«Қазір шетелдік инвестиция мәселесі өте өзекті болып отыр және бәріне инвестиция тартудың дұрыс формуласы керек. Мұнда компанияның дайындығы, команданың инвестормен қарым-қатынас құра алуы маңызды. Қыркүйек айынан бастап компанияларды іріктеп, инвестиция қалай тарту керектігін үйретіп, арнайы білім беріп, стратегиямызбен қалған компаниялармен бөліскіміз келеді.. Біздің негізгі міндетіміз - кейс жасап, оқыту арқылы инвестиция тарту жолдарын тәжірибеде көрсеткіміз келеді», - деді Ернұр Рысмағамбетов.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 1-4 шілде күндері аралығында елордада Astana Finance Days қаржы форумы өтеді. Форумға әлемнің түрлі мемлекеттерінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнес өкілдері және «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген компания өкілдері қатысады.