Астана форумында «Ұлы Жібек жолының» мүмкіндіктері талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аспан асты елі Қытай Республикасы «Бір белдеу - бір жол» халықаралық бағдарламасын ұсынып, кешегі көне Жі­бек жолының бойында орналасқан елдердің экономикалық белдеуін құру мақ­­сатына кірісіп те кетті. 

Астана форумында «Ұлы Жібек жолының» мүмкіндіктері талқыланды

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің БОАО-2015 фору­мында мәлімдегеніндей, бұл жоба жүзеге асқан шақта Жібек жолының бойын­да орналасқан елдердің Қытаймен жылдық сауда айналымының көлемі 2,5 трил­­лион долларды құрайтын болады. Әрине, осынау мол сауда қаржысынан бел­деудің маңызды буынындағы ел ретінде Қазақстан да өз үлесін алуға тиісті.

Біздің Қазақстан үшін де және Еуразия құрлығының басқа да көптеген елдері үшін де маңызды саналатын осы тақырып Астана экономикалық форумының арнаулы сессиясы аясында жеке әңгіме болды.

Басқосуға төрағалық еткен Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің Елдер мен экономика секторлары бойынша басқарушы директоры Маттиа Романи жиынға арнап құттықтау сөз айту үшін алғашқы сөз кезегін Бреттон-Вудс жүй­сін жаңартуды жақтайтын комитеттің ат­қарушы директоры және оның негізін қалаушы Марк Узанға берді.

Ол қозғалып отырған тақырыптың маңыздылығына тоқтала келе, экономикалық белдеу аясында шоғырланатын елдер үшін бірыңғай үйлестірілген саясат қажет болатындығын айтып өтті. «Жібек жолы айналасындағы елдер Қытайдан шыққан тауарларды тасымалдауға қызмет етіп қана қоймай, сонымен қатар, ынтымақтастық туралы өзара келісімдер жасауы тиіс. Мұндай өршіл де үйлестірілген жоспардың болуы барлық мүдделі жақтардың басын бірік­тіре отырып, сауда кедергілері мен келісімдерді оңтайландыруға, өңірдегі эко­номикалық операциялардың жеделдігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ тауар­лар мен қызметтердің қауіпсіз де кедер­гісіз жылжуын қамтамасыз етуге қыз­мет ететін болады. Жібек жолы эконо­ми­калық белдеуі бойындағы инвес­тиция­лар жаңа рыноктар үшін әріптестік пен ашық­тықты көтермелей отырып, жаңа мүмкін­діктерді қалыптастыру арқылы Еуразия құрлығында орналасқан елдерге елеулі ықпалын тигізеді деп ойлаймын», деді ол.

Гонконг үкіметінің өкілі болып табылатын Жібек жолы жөніндегі комиссар Ивонн Чой ханым сауатты сөйледі. Ол бұл халықаралық жобаның тиімділігі оның барлық елдерге де пайдалы болуымен ғана есептелмейтіндігін алға тартты.

«Мен Гонконг үкіметінде қызмет етемін. Бізде тек үкімет қана емес, жеке сектор да бұл жобаға қызығушылық танытуда. Өйткені, жобаның бизнес жүргізу үшін пайдалы екендігін байқап отыр. Бірақ тек бизнес-қауымдастық қана емес, жекелеген елдер мен халықаралық ұйымдар деңгейінде келгенде бұл жобаның беретін экономикалық пайдасының өзі жеткіліксіз. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) елдері бұл жобаға қалай қатыса алады? Ол үшін, әрине, пайдалы болуымен қатар теңдіктің де болуы қажет. Осы басқосуды өткізіп отырған Қазақстан елі бұл жобаға қосылмас бұрын «Бір белдеу - бір жол» жобасына қатысты мәселелерді Еуразиялық экономикалық одақ аясында талқылап алғандары абзал болар», деді.

Сонымен, Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» халықаралық жобасы аталатын жаңа Жібек жолының болашағына қатысты өткізілген сессия жол бойындағы елдер үшін оның тиімділігі мен тәуекелдері жайлы біраз мәселенің бетін ашып бергендей болды. Сөз жоқ, бұл жобаның әлемнің көптеген халықтары үшін беретін экономикалық пайдасы баршылық. Сондықтан оның тартымдылығы жол бойында орналасқан елдердің ешқайсысын бей-жай қалдырмай отыр. Дегенмен, елдердің ұлттық мүдделері тұрғысынан келгенде аталған жобаға қатысты әлі де анықтай түсетін мәселелер бар секілді. Бәлкім біз бұл мәселелерге қатысты жауапты кейінірек білетін де болармыз.