16:43, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Астана» футбол клубы айналасындағы мәселеге клуб басшылары ресми ақпарат берді
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін «Астана» футбол клубы айналасындағы мәселеге байланысты клуб басшылары ресми ақпарат берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кеткен жөн, осыдан бір апта бұрын бұқаралық ақпарат кұралдарынан «Астана» футбол клубы» акционерлік қоғамы қаржылық қарыздарын өтей алмауынан жабылады», деген алып-қашпа әңгіме тарады. Осыған орай, «Астана» футбол клубының Президенті Берік Маржықбаев пен акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің төрағасы Айталап Құрғамбаев журналистермен жүздесіп, өз түсініктемелерін берді.«Елордалық футбол клубы біздің тарапымыздан ешқашан таратылмайды. Бірақ 2009 жыл маусымындағы ойындарға елорда командасы «тайм-аут» алуға мәжбүр. Келесі маусымда «Астана» футбол командасы қайта ойынға шығады», дейді клубтың директорлар кеңесінің төрағасы А.Құрғамбаев.Оның айтуынша, қиыншылықтардың барлығы 2007 жылғы ауыспалы кезеңдердегі қарыздарының өтелмей қалуынан туындады. Бүгінгі күні клубтың кредиторлық берешегі 280 млн. теңгені құрайды. Футбол федерациясының ережесі бойынша қарыздары бар клуб келесі маусымға жіберілмейді. 2008 жылғы қарыздарды Астана әкімдігі толығымен өтеді. Клуб иелігінде тұрған жаттығу орындары мен дайындау кешендері, сонымен бірге клуб ойыншылары жалға берілмек. Сол қадам арқылы басшылық сыртқы қарыздарынан құтылатындарын айтып отыр.