15:10, 12 Шілде 2013 | GMT +5
«Астана» футбол клубының бапкері Еуропа лигасындағы жеңілістен кейін отставкаға кетуге өтініш берді
АЛМАТЫ. 12 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана» футбол клубының баспасөз қызметі, бас бапкер Мирослав Беранектің отставкаға кетуге өтініш бергенін жариялады. 2011 жылдан бастап ҚР Ұлттық құрамасын жаттықтыратын 56 жастағы чехиялық маман 2012 жылдан бері «Астана» футбол клубының бас бапкері болып жұмыс жасаған болатын.
Бұл шешімді ол Еуропа лигасында Болгарияның «Ботев» командасымен сырт алаңдағы матчтан кейін қабылдаған көрінеді. Өз түсіндірмесінде М. Беранек: «Мен -бас бапкермін, яғни клуб нәтижесіне де жауаптымын. Бұл жағдайда жеңілістің айыбын өз мойныма алғым келеді. Қалыптасқан ахуалды сараптай келе, егер клубтан кетсем, «Астана» үшін жақсы екенін түсіндім», - дегенді айтқан. Сондықтан бүгін өз еркімен отставкаға кетуге өтініш жазған бапкер, сондай-ақ өзіне «Астананы» Еуропа лигасының 3-ші кезеңіне шығару міндеті жүктелгенін және оны орындай алмағанын да жасырмайды.