«Астана» футбол клубының қосалқы құрамы Ташкенттегі оқу-жаттығу жиынында алғашқы жеңіліс пен жеңістің дәмін татты

АЛМАТЫ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 20 қаңтардан бері Ташкентте оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Астана» футбол клубы Өзбекстанның 1-інші лигасында өнер көрсететін «БФК» командасымен 2 жолдастық кездесу өткізді.

«Астана» футбол клубының қосалқы құрамы Ташкенттегі оқу-жаттығу жиынында алғашқы жеңіліс пен жеңістің дәмін татты

Алғашқы ойында Владимир Глевич жаттықтыратын астаналықтар 0:4 есебімен ойсырай ұтылған еді. Қарымта кездесуде жинақы ойнаған қазақстандықтар өзбек футболшыларынан 2:0 есебімен басым түсті. Бұл ойында жартылай қорғаушы Илья Беруашвилидің бұрыштамадан берген добын дәл қабылдаған шабуылшы Байқоңыр Ыдыров, оны баспен қарсыластар қақпасына тоғытқан еді. Кейін әріптесі Иламбек Құлекеновтың көмегімен Илья есепті 2:0-ге дейін жеткізді. Астаналықтар келесі кездесуін енді, 28 қаңтарда Талдықорғанның «Жетісу» командасының қосалқы құрамымен өткізбек.