«Астана» футбол клубының жаңа құрамы мен логотипі таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Астана» футбол клубы өзінің жаңа құрамы мен формасын және логотипін таныстырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Журналистерге берген сұхбатында клуб президенті Қайсар Бекенов ұжымға Қазақстаннан төрт футболшы және үш легионер қабылданғанын айтты. Жалпы, «Астананың» құрамында жеті шетелдік спортшы бар.
«Менің ойымша, біз селекциялық жұмысты жақсы өткіздік. Біздің құрамнан артық Қазақстанда мықты топ жоқ. Алдымызда үлкен чемпион болу міндеті тұр.Жаттықтырушылар мен ойыншылар құрамы биыл алдымызға осындай үлкен мақсат қоюға мүмкіндік беріп отыр», - деді Қайсар Бекенов.
Оның айтуынша, футбол клубы ағымдағы жылдың ақпан айында құрамына енген «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубымен ынтымақастық орнатып, жүйелі жұмыс істеп жатыр.
«Бірлесіп маркетингтік іс-шараларды жүзеге асырып, кеңесіп отырамыз. Жоспарымыз - Астананың беделін арттырып, тұтас еліміздің атағын халықаралық аренада асқақтату. Алдымызға қойылған бұл біздің басты міндетіміз болып табылады», - деді ол.
Айта кетерлігі, 15 наурызда «Астана» өз жерінде талдықорғандық «Жетісу» командасын қабылдайды. Ойынды тамашалаймын дегендерге, кіру тегін болатынын айта кетейік. Одан соң шымкенттік «Ордабасы» мен қызылордалық «Қайсар» командаралымен кездесу жоспарланған.