Астана Германиямен стратегиялық әріптестікті қалай нығайтып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары басталды. Сапар аясында Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту, көлік-логистикалық бағыттарды дамыту және энергетикалық қауіпсіздік сияқты мәселелер қаралады деп жоспарланған. Kazinform агенттігінің Еуропалық одақтағы меншікті тілшісі екі елдің қарым-қатынасы қалай дамып жатқанын, Берлин мен Мюнхендегі сапар барысында ынтымақтастықтың қай бағыттарына жаңа серпін берілуі мүмкін екенін айтты.

Берлинская линия Президента Токаева: как Астана выстраивает стратегическое партнерство с Германией
Фото: Kazinform

Қазақстан-Германия қатынастарындағы жаңа серпін

Қазақстан мен Германияның қазіргі қарым-қатынасына 30 жылдан асты. Германия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі стратегиялық серіктесі. Екі елдің қарым-қатынасы тұрақты түрде ілгерілеп келеді. 2019 жылғы желтоқсан мен 2023 жылы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинге ресми сапармен барды. Ал 2020 жылы Мюнхен конференциясының жұмысына қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйектегі сапары екіжақты қарым-қатынасты қайта жаңғыртуда ерекше мәнге ие болды. Ол өзара байланыстың саудадан инвестицияға, технологиялық кооперацияға, энергетикалық қауіпсіздікке және жаңа еуразиялық логистикалық бағыттарды дамытуға негізделген стратегиялық серіктестіктің неғұрлым кешенді моделіне көшуін айқын паш етті. Берлинде тараптар экономикалық байланыстарды прагматикалық кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады. Германия энергия ресурстарын тұрақты жеткізуге, маңызды шикізатқа қол жеткізуге, индустриялық жобаларға қатысуға, Еуропа мен Азия арасындағы көлік бағыттарын дамытуға мүдделі екенін көрсетті.

Берлин 2036 йилги Олимпиада ўйинларига номзодлик учун берган аризасини қайтариб олади
Фото: pexels

- Қазақстан – Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан нарықтардың бірі. Қазақстан Германия үшін стратегиялық маңызы бар шикізат, жаңартылатын энергия көздері және жасыл сутегі салаларындағы негізгі серіктестердің бірі. Сонымен қатар Еуропа мен Азия арасындағы Орта дәлізді дамытуда шешуші рөл атқарады. Ал Германия өз технологиялары, инвестициясы және озық тәжірибесі арқылы Қазақстан экономикасын жаңғыртып, әртараптандыруға ықпал ете алады, – дейді германиялық «Берлинер цайтунг» басылымының шолушысы Николас Бутылин.

Николас Бутылин
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оның пікірінше, қазір екі елдің ынтымақтастығы өнеркәсіп пен логистикадан бастап білім мен ғылымға дейінгі бағыттарды қамтиды.

- Геосаяси тұрақсыздық жағдайында сенімді серіктестік пен өзара тиімділікке негізделген байланыс қажет. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруі мүмкін, – дейді Н.Бутылин.

Тауар айналымының құрылымы өзгеріп келеді

Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық байланыстар оң динамиканы сақтап отыр. Алайда өзара сауда құрылымы әлі де теңгерімсіз. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында екі ел арасындағы тауар айналымы $2,57 млрд болды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4% көп. Өсімнің негізгі бөлігін Қазақстан экспорты қамтамасыз етті, ал Германиядан импорт көлемі іс жүзінде өзгерген жоқ.

Сауда және интеграция министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың жеті айында Қазақстанның Германияға экспорты 15,3% өсіп, $728,9 млн-нан $840,1 млн-ға жетті. Ал импорт былтырғы деңгейде қалды деуге болады – $1,73 млрд. Ол небәрі 0,13% қысқарған.

гфр
Инфографика: Kazinform

Экспорт құрылымында жаңа бағыттар пайда бола бастады. Қазақстан Германияға тас көмір, пропилен полимерлері, соя бұршақтары мен сирек жер металдарының қосылыстарын жеткізе бастады. Кабель өнімдерінің, бағалы металл қалдықтары мен сынықтарының, мамандандырылған жабдықтардың жеткізілімі де артып келеді.

Қазақстан үшін басты мәселе тауар айналымының көлемін одан әрі ұлғайту ғана емес, оның сапасын өзгерту – өңдеу деңгейі жоғары өнімдердің экспортын кеңейту. Қазақстанда ірі неміс компанияларының болуы технология трансферіне, жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға және заманауи басқару стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді.

Орта дәліз – екіжақты сауданың күретамыры

Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қазақстан мен Германия үшін экономикалық байланысты кеңейтудің негізгі бағытына айналып отыр.

Бұл бағыт Қазақстанға Еуропа нарықтарына шығудың қосымша мүмкіндігін береді. Ал Германияға Орталық Азиямен, Қытаймен байланыс орнатудың балама бағытын ұсынады. Сондықтан Транскаспий бағытын одан әрі дамыту, оның өткізу қабілетін арттыру және жүк жеткізу мерзімін қысқарту сауда мен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтудің маңызды шартына айналуы мүмкін.

Международный транспортный маршрут
Фото: Midjourney

Президент жанындағы ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері Ерболат Сейлехановтың пікірінше, алман бизнесіне Орта дәлізді дамытуға қатысу мүмкіндігін талқылау маңызды тақырыптардың бірі болуы ықтимал.

- Сирек жер металдарынан бөлек, неміс компанияларының Орта дәлізге қатысу мәселесі де талқыланады деп ойлаймын. Бұл логистикалық орталықтар құруды, Каспий теңізі арқылы тасымалды жақсартуды қамтиды, – деді сарапшы.

Германияның Rhenus Logistics компаниясы әлемдік сауда архитектурасының өзгеріп жатқан тұста Транскаспий бағытының маңызы артып келе жатқанын түсініп отыр. Ұйымның бас директоры әрі басқарма төрағасы Тобиас Бартцтың айтуынша, Орта дәлізді одан әрі дамыту үшін жекелеген инфрақұрылымдық жобаларды бірыңғай жүйеге біріктіру керек.

- Қазір негізгі міндет – жекелеген инфрақұрылымдық жобаларды біртіндеп тұрақты желіге біріктіру. Сонда бағыттың бүкіл бойындағы қуаттар, операциялық қызметтер мен мықты серіктестіктер біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді. Қазақстан бұл жерде Қытайды, Орталық Азияны, Каспий өңірін және Еуропаны байланыстыратын негізгі буын саналады. Сондықтан Қазақстан Президентінің Берлинге сапары және серіктестерімізбен одан кейінгі бірлескен қадамдар біз үшін ұзақ мерзімді даму тұрғысынан маңызды және өңірдегі көпжылдық жұмысымыздың жалғасы болып саналады, – дейді ол.

Тобиаса Бартца
Фото: table.media

Орта дәліздің дамуы Қазақстанның транзиттік ықпалын күшейтіп, елдің Еуропадағы логистикалық тізбектерге қосылуына қосымша мүмкіндіктер береді. Ал халықаралық компаниялардың қатысуы Қазақстанның инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін халықаралық сараптамамен және жаһандық логистикалық желілермен үйлестіруге мүмкіндік береді.

Энергетика және жасыл технология

Қазақстан мен Германия дәстүрлі мұнай саудасынан бөлек жаңартылатын энергия көздері мен жасыл сутегі салаларындағы ынтымақтастықты дамытып келеді.

Маңғыстау облысында Svevind Energy Group компаниясымен бірлесіп жасыл сутегі өндіру жобасы жүзеге асырылып жатыр.

- Жасыл сутегі өндіруден бөлек, жел электр станцияларын одан әрі салу, күн энергиясын пайдалану мәселелері де сөз болуы мүмкін. Қазақстан бұл бағыттарға өте мүдделі. Сондықтан германиялық серіктестеріне осы бағыттабірлескен кәсіпорын құрудың формаларын ұсынады деп ойлаймын, – деді Ерболат Сейлеханов

Ол Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу бағыттарын әртараптандыру мәселесіне де тоқталды.

- Қазақстан мен Германия арасында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – Қазақстан мұнайын Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізу. Германия бұған өте мүдделі болғандықтан, мұнай жеткізудің басқа арналарын пайдалану мәселесі де міндетті түрде көтеріледі, – деді сарапшы.

Ауыл шаруашылығы және стратегиялық материалдар

Қазақстан Германия мен Еуропа нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін арттыруға мүдделі. Ерболат Сейлехановтың айтуынша, қазақстандық өнімнің еуропалық талаптарға сай болуы маңызды.

- Қазақстан Германия нарығына ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізу мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Қазақстанда экологиялық таза өнім өндіріледі және мұндай өнімге қазір бүкіл әлемде, соның ішінде Еуропада сұраныс бар. Бұл жолдағы негізгі кедергі – тосқауылсыз орта қалыптастыру. Еуропалық стандарттар Қазақстандағы стандарттарға қарағанда әлдеқайда қатаң. Біздің стандарттарды еуропалық талаптарға сәйкестендіру экологиялық таза өнімдеріміздің Еуропалық одақ нарығына шығуына мүмкіндік береді, – деді сарапшы.

жылыжай
Фото: ҚР Үкіметі

Тағы бір перспективалы бағыт – стратегиялық маңызы зор материалдар саласындағы ынтымақтастық. Сарапшының пікірінше, бұл тек кен өндірумен шектелмей, толық өндірістік цикл құруды қамтуы мүмкін.

- «Еуропалық одақ – Орталық Азия» саммиті кезінде Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропалық одақ үшін шикізатты өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс тізбегі маңызды екенін айтты, – деді ол.

Ербулат Сейлеханов
Фото: kisi.kz

Адамдар – ынтымақ көпірі

Экономикалық ынтымақ тұрақты гуманитарлық байланыстармен де нығайып келеді.

Алматыда Гёте институтының өкілдігі жұмыс істейді. DAAD өкілдігі, Қазақстан-Неміс университеті және PASCH желісіне кіретін мектептер бар.

Олаф Шольцтің 2024 жылғы қыркүйекте Астанаға сапары кезінде елордада қазақ-неміс мектебін құру туралы меморандумға қол қойылды. Мектепте неміс стандарттары бойынша білім беру, бірінші сыныптан бастап неміс тілін оқыту және екі елде де мойындалатын аттестат беру көзделген. Қазақстандықтар Германияға білім алып, жұмыс істеуге барады. Ал Германия азаматтары елімізге білім беру, мәдени және іскерлік бағдарламалар бойынша келеді.

люди
Фото: Александр Павский /Kazinform

Егер Президент Тоқаевтың 2023 жылдың қыркүйегінде Германияға жасаған ресми сапары саяси шеңберді қалыптастырып, энергетика, инвестиция, өнеркәсіп, логистика, маңызды материалдар секілді басымдықтарды айқындаса, алдағы кездесуді тараптардың қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырылатын жобаларға айналдыра алу қабілетін тексеретін сынақ ретінде қарастыруға болады. Басты мәселе - саяси жақындық пен өзара экономикалық қызығушылықтың бірлескен өндірістерге, инфрақұрылымдық жобаларға, технологиялық әріптестікке және Қазақстандағы тұрақты қосылған құн тізбегіне қаншалықты жылдам айналуында.

Осылайша, Қазақстан үшін Германияның ресурстарға, энергетикаға және транзитке деген қызығушылығын тереңірек индустриялық кооперацияға айналдыру ерекше маңызды. Германия Орталық Азияда сенімді серіктеске ие болуға, қажетті ресурстарға қол жеткізуге және Еуропа мен Азия арасындағы көлік бағыттарын нығайтуға ден қояды. Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинге ресми сапары — шикізат пен құрал-жабдық саудасынан бастап, бірлескен өндіріске дейінгі екіжақты қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге шығаратын мүмкіндік. Қазақстанда неміс капиталының, технологиялары мен құзыреттерінің қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар оның нәтижесінің негізгі индикаторы болмақ.