Астана хабы мен Ресейдің халық шаруашылығы академиясы меморандумға қол қойды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабының басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов пен РФ Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының Ректоры Владимир Мау екі ұйым арасындағы түсіністік туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Меморандум ауқымында мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелері бойынша бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу шараларын өткізу, семинарлар мен ғылыми конференцияларға қатысу жоспарланған.
Мәскеуге сапары барысында Алихан Байменов Гайдар форумындағы ТМД елдері мемлекеттік қызметкерлерінің біліктілік мәселелері бойынша сессиясында модератор болды.
Сессияға қатысушылар мемлекеттік басқару кадрларын даярлау мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Оларға Қазақстан, Ресей, Молдова, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның жетекші жоғары оқу орындары мен ұйымдарының мемлекеттік басқару саласындағы білім беру жобалары таныстырылды.
Гайдар форумы - әлемнің әр елінен келген белгілі ғалымдар, билік органдары өкілдері, қоғамдық және саяси қайраткерлер, кәсіпкерлер - барлығы 15 мың адам қатысқан ғылыми-практикалық конференция.