Астана халықаралық қаржы орталығы қызметкерлерінің орташа жалақысы белгілі болды

АХҚО
Фото: naryk.kz

АСТАНА. KAZINFORM – «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров өзінің жалақысына қатысты түсінік берді.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер орталық басқарушысынан АХҚО қызметкерлерінің жалақысына қатысты сұрақ қойды.

«Қызметкерлердің еңбек өтіліне, тәжірибесіне байланысты әртүрлі болады. Жас мамандар үшін тәжірибесіне қарай 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін болады. Орта буын мамандары – 600 мың, басшыларда 700-800 мыңнан жоғары. Маған бірінші басшы ретінде 700-800 мыңнан жоғары төленеді», - деді Р. Бектұров.

Бұл тұрғыда ол қызметке тұрған кезде жалақы туралы мәліметті жарияламау туралы құжатқа қол қойғанын айтты.

Сонымен қатар Р. Бектұров өзінің жалақысын ешқайда инвестиция ретінде салмағанын атап өтті.

«Біріншіден, мен белсенді түрде инвестициялай алмаймын, уақытым жоқ. Отбасымызда артылған ақшаны жинауға тырысамыз, бірақ менің бес балам бар. Сондықтан артық ақша қалмайды. Біз басқалар сияқты ипотека төлеп жатырмыз, сондай-ақ балабақша мен мектеп үшін төлейміз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар