Астана халқының өсім қарқыны Алматыдан бес есе жоғары

АСТАНА. KAZINFORM – Астана халық санының өсу қарқыны бойынша еліміздегі көшбасшы қала болып отыр. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының Астана қаласы бойынша департаменті Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Астанадағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3 трлн теңгеге жетті
Фото: Үкімет

Департамент дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елорда халқының саны 1 млн 662 мың 755 адамға жеткен. Соңғы бес жылда, яғни 2021 жылдан бері Астана тұрғындарының саны 472 мыңға жуық адамға көбейген.

Ал 2026 жылы елордадағы халық санының өсім қарқыны 7,23 пайызды құрады. Бұл еліміздегі басқа ірі қалалармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Мәселен, осы кезеңде Алматы халқы 2,45 пайызға, Шымкент халқы 3,02 пайызға, ал Қарағанды халқы 1,34 пайызға өскен.

Статистика деректері Астананың ел ішіндегі көші-қонның басты бағыты болып қала беретінін көрсетіп отыр. Жыл сайын еліміздің әр өңірінен мыңдаған азамат тұрақты тұру үшін елордаға қоныс аударады.

Сарапшылардың пікірінше, халық санының қарқынды өсуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Ең алдымен, жұмыс орындарының шоғырлануы, мемлекеттік мекемелердің орналасуы және іскерлік белсенділіктің артуы ықпал етеді. Сонымен қатар балаларына сапалы білім беруді және өздері үшін жаңа мүмкіндіктер іздеген отбасылар да елорданы таңдауға басымдық беріп келеді.

Тұрғындар санының көбеюі тұрғын үйге, көлік инфрақұрылымына және әлеуметтік нысандарға деген сұранысты арттырып отыр. Осыған байланысты қала билігінің алдында мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер мен қоғамдық көлік желісін одан әрі дамыту міндеті тұр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы әр он бірінші тұрғын Астанада тұрады. Осы үрдіс сақталса, елорда еліміздегі ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі ретіндегі орнын одан әрі нығайта түспек.

Бұған дейін Астанада салынатын жаңа медициналық нысандар туралы хабарланған еді.