Астана халқы 200 бозбаланы әскер қатарына шығарып салды

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астана жұртшылығы Отан қорғаушылар алаңында болашақ сарбаздарды әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салды.
None
None

Биыл елордадан Қазақстанның Қарулы Күштерінің қатарына әскери қызметін өтеуге 200 адам аттанбақ. Әскерге шақырылушыларды салтанатты шығарып салу ҚР Қарулы Күштерінің имиджін көтеру бағыттында «Астана жастары және бірыңғай армия» акциясы аясында өтуде. Бұл шараға 1 мыңға тарта астаналық оқушы қатысты.

Салтанат аясында ардагерлер мен Республикалық Ұлан сарбаздары Отан қорғаушылар алаңындағы Мәңгілік алауға Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне гүл шоқтарын қойды.

Сонымен қатар Халық қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев әскер сапына шақырылғандарға аманат сөздерін айтып, жиналған мектеп оқушыларына, бастапқы әскери сабақта белсенділік көрсеткен әскер жасындағы жастарға әскерге шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәліктерді салтанатты түрде табыс етті.

«Біздің бабаларымыз, Қабанбай, Наурызбай, Райымбек батырларымыз не үшін жандарын пида етті?! Әрине - біз үшін. Атқа мініп, найза алып, жауға қарсы шыққанда, біздер үшін қан төккен, осы елге, жерге ие болып қалсын деп құрбан болды. Міне, солардың арқасында Егеменді еліміздің мырзасы болдық. Енді оны қорғап, ары қарай көркейту әрқайсымыздың борышымыз!», - деді Б.Ертаев.

Акция «Қалқан» арнайы жасағы взводының десанттық-шабуылдаушы бригадасының, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің аэроұтқырлар әскерінің және Қазақстан Республикасы Республикалық гвардия құрметті қарауылының дефиле ротасының өнер көрсетуімен аяқталды.

Сондай-ақ, алаңда әскери техникалар мен атқыштар қаруы және әскери жасақ бөлімдерінің көрмелері ұйымдастырылды. Акцияға қатысушыларға «АК-74» атыс қаруын бұзып,қайта жинау машықтары көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар