Астана халқы бес айда 12 мың адамға артты

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Астана қаласының халқының саны 2013 жылы 1 маусым жағдайында 790 238 адамды, соның ішінде, Алматы ауданы бойынша - 364 790 (46,2%), Есіл ауданында - 106 854 (13,5%), Сарыарқа ауданында - 318 594 (40,3%) адамды құрады. Бұл туралы astana.kz сайтына Статистика департаментінен хабарлады.

Астана халқы бес айда 12 мың адамға артты

«2013 жылдың басымен салыстырғанда Астана қаласындағы халықтың жалпы саны 12 040 адамға, соның ішінде Алматы ауданы бойынша - 1108, Есіл ауданында - 4117, Сарыарқа ауданында - 6815 адамға өскен»,- делінген ведомство ақпаратында.

2013 жылдың қаңтар-мамыр айларында халықтың табиғи өсімі 7240 адамды, көші-қон өсімі 4 800 адамды құрады.

Департаменттің мәліметтеріне сәйкес, алғашқы бес айдың ішінде Астана қаласы бойынша 8733 сәби дүниеге келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3% артық.

Сонымен қатар, өткен жылдың қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда халықтың табиғи өсімі 17,1% артты.

Осы кезеңде қалада 1493 адам көз жұмды, бұл 2012 жылғы қаңтар-мамыр айларындағыдан 1,9% төмен.

Бұдан бөлек, 2013 жылдың қаңтар-мамыр айларында АХАТ органдарында тіркелген некелесулер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8%-ға, ажырасулар саны 12,4%-ға артқан.