Астана халықаралық әуежайы әкімшілік жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы 14 ақпанда «Астана халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамы уәкілетті органмен келісілмеген өзге қызметтерді жүзеге асырғаны және заңсыз табыс тапқаны үшін 975 533 теңге сомасында айыппұл салу арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Астана халықаралық әуежайы әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі хабарлап отыр.

Агенттік сайтының жазуынша, аталмыш ведомствоға ағымдағы жылғы 23 қаңтарда Мадияр Серіков деген азамат «Астана халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының ашық автотұрақ үшін төлемақы алудың заңдылығы бойынша өтініш берген.

ТМРА төрағасының бұйрығы бойынша өтінішті қарау үшін ағымдағы жылғы 28 қаңтардан бастап осы субъектіге қатысты жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырылды.

Нәтижесінде фактілер анықталды. Биылғы 6 ақпанда Агенттік Астаналық әуежайдың мекенжайына Қазақстан Республикасы табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасының бұзушылықтарын жою, яғни әуежай аумағында ашық автотұрақ қызметін жүзеге асыруды тоқтату туралы нұсқама шығарды.