Астана халықаралық әуежайы жазғы кестеге көшті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жазғы кестеде 46 бағыт бойынша әуе рейстері бар. Соның ішінде 7-уі алғаш рет жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана халықаралық әуежайы жазғы кестеге көшті

Жаңа рейстерді орындайтындардың ішінде жаңа әуе компаниялары да бар. Олар - «LOT Polish Airline», «Finnair», «Wizz Air», «Air China», «Ural Airlines». Мәселен, Финляндияның «Finnair» компаниясы маусым - қыркүйек аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезеңінде Астана - Хельсинки бағыттары бойынша рейс ашуды жоспарлап отыр. «Wizz Air» атты венгр лоу-кост тасымалдаушысы Астана мен Будапешт арасында жаңа авиабағытты ашады. Ол маусымның 8-інен бастап бейсенбі және жексенбі күндері аптасына екі рет орындалады.

Астана әуежайының тағы бір жаңа серіктесі - Польшаның «LOT» әуе компаниясы. Мамырдың 8-інен бастап аптасына төрт рет Астана мен Варшава арасында жолаушылар тасымалы жүргізіледі. Ал «Star Alliance» өз рейсін ашу арқылы қазіргі Астана - Бейжің бағыты бойынша рейстердің жиілігін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Бұдан басқа, сәуірдің 26-сынан бастап «Уральские авиалинии» авиакомпаниясы Мәскеу (Раменское) бағытында аптасына төрт рейсті орындауды бастайды. Сондай-ақ, «Scat Airlines» үш жаңа маршрутта: Армения астанасы - Ереванға, Ресейдің оңтүстігіндегі минералды суларға, сондай-ақ, Мәскеу облысында орналасқан Халықаралық Жуковск әуежайына дейін қызмет көрсетеді.

Ал «Air Astana» аптасына үш рет Монғолия астанасы Улан-Баторға жаңа бағыт ұсынады. Сонымен қатар ішкі және халықаралық бағыттар бойынша рейстер санын ұлғайтады. Бұдан бөлек, «Atlas Global Jet» авиакомпаниясы қолданыстағы Астана-Ыстанбұл бағыты бойынша рейстерді орындайды.