Астана халықаралық форумында қандай мәселелер талқыланады
Форумның мақсаты мен міндеттері
Қазақстан негізгі жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін күш-жігерді біріктіру мақсатында жаңа диалог алаңын – Астана халықаралық форумын ұйымдастырып отыр. Халықаралық форум «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» тақырыбында өтеді. Форум арқылы дипломатиялық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттер арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды нығайтып, жалпыға ортақ қиындықтан бірлесе отырып шығу көзделіп отыр. Іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 1000-нан астам үздік сарапшылар бас қосады. Форум Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтеді. Іс-шараға шетелдік үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттары қатысады. Форумға қатысатын құрметті қонақтар қатарында Қатар мемлекетінің әмірі Шейх Тамим бин Хамад Әл Тани, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Босния, және Герцеговина Президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры (ДСҰ) Нгози Оконджо-Ивеала, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (ЭСКАТО) атқарушы хатшысы Армида Алисджабана, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының Еуропа, Орталық Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка мәселелері жөніндегі көмекшісі, БҰҰ Орталық Азия бойынша Превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы басшысының міндетін атқарушы Мирослав Енча болады деп жоспарланып отыр. Жиында әлем елдері үшін аса маңызды тақырыптар талқыланады. Атап айтсақ азық-түлік қауіпсіздігі, су тапшылығы, энергетика мен экология саласындағы қордаланған проблемаларды бірлесе шешу жолдары, инвестиция тарту мәселелері қозғалады.
Ақпан айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа диалог алаңы жайында пікір білдіре отырып, форум жаһандық сын-қатерлерге ден қою үшін құрылғанын айтып өткен болатын.
«Бүгін біз бүкіл әлемде бірнеше онжылдықтар немесе одан да көп уақыт бойы кездеспеген тарихи сын-қатерлерге тап болдық. Бұл сын-тегеуріндер халықаралық қоғамдастыққа бұрын-соңды болмаған қысым көрсетіп отыр. «Астана халықаралық форумы» халықаралық жүйе мен тәртіптің жұмыс істеп тұрған негізгі постулаты ретінде ынтымақтастыққа басымдық бере отырып, осы сын-қатерлерге жауап беру үшін құрылды. Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы сенімді көпір қызметін атқарып, елімізде сындарлы халықаралық қатынастарды дамытудың ұзақ тарихы бар және бұл саясат 2022 жылы қатаң сынақтан өткенімен, ол өз тұрақтылығын дәлелдеді. Біз ынтымақтастықтың құндылығын көрсеттік», – деді Мемлекет басшысы.
Екі күнге созылатын форум барысында барлық қатысушылар 4 негізгі бағыт яғни сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, халықаралық даму және тұрақтылық, энергетика және климаттың өзгеруі, экономика және қаржы бойынша мәселелерді шешудің жаңа жолдарын қарастырады. Бұл халықаралық форум - пандемиядан кейін Қазақстанда өткелі тұрған ең ірі іс-шараның бірі. Алқалы жиынға 40-тан астам елден 400-ге жуық делегат келеді деп күтіледі. Олардың қатарында мемлекет басшылары мен алпауыт компаниялардың жетекшілері де бар. 2 күн бойы өтетін пленарлық отырыстар мен панельдік сессиялар барысында сарапшылар климаттың өзгеруінен бастап азық-түлік қауіпсіздігіне дейінгі ең өзекті мәселелерді талқылайды. Енді осы бағыттарға тоөталып өтсек...
Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік
Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік тақырыбы аясында қазіргі әлемдік тәртіптегі орта державалар дипломатиясының рөлі қозғалады. Осы тақырып бойынша басқа сессияларда көпжақты қатынастардың болашағы, БҰҰ-ның рөлі және бейбітшілік, қақтығыстар мен жаһандық тәртіпті қайта қарау талқыланады деп жоспарланып отыр.
Халықаралық даму және тұрақтылық
Халықаралық даму және тұрақтылық тақырыбы геосаяси шиеленістің жаһандық дамуға әсері, азық-түлік қауіпсіздігі, жаһандық денсаулық сақтау, білім беру әлеуметтік-экономикалық өсудің қозғаушы күші ретінде қарастырылатын алты сессияға бөлінеді. Атап айтқанда, жалған ақпаратқа байланысты өсіп келе жатқан тәуекелдер және жасанды интеллекттің қоғамға әсері қарастырылатын болады.
«Әлеуметтік желілерде қолданылатын алгоритмдер мен жасанды интеллект интернеттегі жалған ақпарат пен жалған жаңалықтардың таралуына қалай әсер ететінін және бұл технологиялар пайдаланушылардың мінез-құлқына қалай әсер ететінін қарастырады. Қатысушылар сонымен қатар әлеуметтік медианы реттеу, цифрлық сауаттылықты арттыру, пайдаланушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйрету және этикалық және қоғамдық бақылауға ашық алгоритмдерді әзірлеу сияқты жалған ақпарат пен алгоритмдерді және жасанды интеллектті теріс пайдаланумен күресудің ықтимал тәсілдерін талқылайды», - делінген форумның ресми сайтында.
Энергетика және климаттың өзгеруі
Климаттың өзгеруіне қарсы күрестің қажеттілігін мойындай отырып, форумға қатысушылар жаңартылатын энергияға көшуді жеделдету, тұрақты тәжірибелерді ілгерілету және жаһандық жылынудың салдарын азайту үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту стратегияларын зерттейтін болады. Форумның кем дегенде жеті сессиясы энергетика және климаттың өзгеруіне арналады.
Фото: ur.hse.ru
Экономика және қаржы
Форумға қатысушылар экономика мен қаржыны, соның ішінде экономиканы қалпына келтіру және тұрақтылық шараларын, креативті экономиканы, әйелдер көшбасшылығын ілгерілетуді, Орта дәлізді, Орталық Азияның байланысын және инновацияның рөлін талқылайды.
«COVID-19 пандемиясы аяқталса да, мемлекеттердің өсуін қайта іске қосуына кедергі келтіретін маңызды қиындықтар әлі де бар. Нарық қалпына келе бастағанда мемлекеттер көбінесе нарықтық мүмкіндіктер мен қиындықтарға баяу жауап береді, бұл тоқырауға қолайлы жағдай жасайды. Жақында жаһандық экономиканың тұрақтануына және пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралуына қарамастан, өсім басты мәселе болып отыр», - делінген форум бюллетенінде.
Алдағы форум қазіргі заманның ең өзекті мәселелерін шешу үшін жаһандық көшбасшылар мен ықпал ететін тұлғаларды біріктіру тұрғысынан үлкен үміт береді. Айта кетейік, еліміздің ұстанымы - біз әлемдік аренада барлық елдермен достық-сыйластық қарым-қатынас орнататын бейбіт мемлекетпіз. Сонымен қатар, геосаяси ерекшеліктер мен дипломатиялық ұстанымға байланысты мемлекетіміз әрдайым халықарлық шиеленістерді шешу және мәмілеге келу алаңы рөлін атқаруға тырысады. Сондықтан форум өткізу арқылы Қазақстан халықаралық дипломатиядағы өз ұстанымын нығайта түспек.