«Астана - ХХІ ғасырдың қаласы» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 4 маусым, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын әрі қарай дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өткізді. Кеңеске жекелеген министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшылары, Астана қаласы әкімдігінің және аудандық әкімдіктердің басшылық құрамы, сондай-ақ Астана қалалық мәслихатының депутаттары қатысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Астана - ХХІ ғасырдың қаласы» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның атап өтуінше, алқалы жиынды қорытындылаған Мемлекет басшысы Үкімет пен елорда әкімдігі алдына қаланы жылумен қамтамасыз ету, құрылысы жүріп жатқан барлық нысандардың сапасы бақылауға алу, азық-түлікпен қамтамасыз ету, көрсету орындарының сапасын жақсарту сынды мәселелерді шешуді тапсырды.
«Кеше Астана төрінде Қазақстан құрамасы Әзірбайжан командасын қабылдап, 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі алғашқы жеңісіне жетті. Есеп - 2:1. Осы кезге дейін Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне екінші рет қатысып, соның екеуінде жеңісті тойлаған ұлттық құрама үшін кешегі Әзірбайжанмен болған жиырмасыншы ойын жеңісті күндеріміздің жалғасы болса дегіміз келеді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік нөміріндегі «Жеңдік! Гол! Жанкүйерлерге рахмет!» деген мақаласында.
***
БҰҰ-ның сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесі әлем халқын әрі-сәрі ойға қалдырып отыр. Мұның себебі де бар. Өйткені дүниежүзінің жұртшылығы есірткіге қарсы күресті күшейтіп жатқанда әлемнің жүзден астам елінің басын біріктіріп отырған Біріккен Ұлттар Ұйымының ғаламдық комиссиясы тосын байламға келді. Бірақ бұл мәлімдеме жұртшылықтың көңіліне жағып отырған жоқ. «Айқын» газетінің жазуынша, БҰҰ-ның ғаламдық комиссиясының мүшелері: «Есірткіге қарсы ғаламдық күрес өз нәтижесін бермеді. Сондықтан нашақорларды қудалап, жазалағанның орнына оларды заңдастыру керек. Сонда ғана нашақорлар азайып, қылмыс төмендейді. Бұл бір. Екіншіден, есірткіқұмарларды қудалағанды тоқтату керек. Нашақорлар заңдастырылғанда ғана бұл саладағы былықтар азаяды», - деп отырған көрінеді. Мақала «Нашақорлықты заңдастыру керек пе?» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның жазуынша, Алматының төріндегі «Медеу» мұз айдынында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің қатысуымен өткен жиында төтенше жағдайлар жөніндегі қалалық департамент, «Қазселденқорғау» және орман шаруашылығы қызметкерлері осы аумақтағы табиғи қауіп көзі болып табылатын екі мәселені талқылады. Сонымен қатар жиында мүдделі органдардың қызметкерлері тау беткейлерінде қурап жатқан ағаштарды кім жинайды, оған қажетті құралдарды, мамандандырылған қол күшін қайдан тарту керек, қаржыны кім бөлуі керек деген сұрақтарға жауап іздеді. Жазылған жайт туралы толық мағлұмат алғыңыз келсе, «Құлаған шыршылар қауіпті болып тұр» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереевамен арадағы сұхбат «Мен - қазақпын» деген рух кеудемізді керіп тұрмаған соң, өзге тілде сайрағаннан не пайда?!» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Ақын деген атты естігеннен орындарынан тұрып қошемет көрсететін бұл қазақ қазір ақын десе, ат-тонын ала қашатын болған. Себебі ақынның тілі өткір, кемшіліктерді айтады ғой. Ақын адамзатқа қарсы сияқты ұғым қалыптасқан. Ал ақын қай кезде адамға қарсы болып еді?», - дейді.
Бүгінгі таңда ипотекамен пәтер алып, 15-20 жылға тыныш ұйқысынан айрылған борышкерлердің мәселесі өршіп тұрғаны жасырын емес. Пәтерақысын төлей алмай, банкке қарызға белшесінен батқан халықтың зарын естісең, жүрегің қарс айрылады. «Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап несі бар» дегің де келеді. Дегенмен, қайтсін енді, өмір бойы үй жалдап, өзгеге ақша беріп келгенше, өзінің пәтері үшін төлегені жақсы ғой. Бірақ, бұның арты қайғылы оқиғаға ұласарын адам болжап білсін ба? Қарызын өтей алмай үйінен шығарылған борышкерлердің біреуі - өртенді, енді біреуі көпқабатты үйден секіріп кетті. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің сенбілік санындағы «Борышкерлердің зары әлі де жалғасуы мүмкін» деген мақаладан біле аласыздар.
***
«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Ресей және Түркиядағы «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық құрылымдық бөлімінің Басқарушы Директоры Скотт Е. Дэвиспен кездесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында қазақстандық кен орындарын игеру шеңберінде екіжақты қарым-қатынас мәселелері, сондай-ақ корпорацияның мұнай-газ саласының инфрақұрылымдық жобаларына қатысуы талқыланды.