«Астана» ХҚО Jumore электрондық сауда алаңымен ынтымақтастықты нығайтпақ

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен «Zhejiang «Jumore» E-commerce Co. Ltd» компаниясы арасында  өзара түсіністік туралы  меморандумға  қол қойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

«Астана» ХҚО Jumore электрондық сауда алаңымен ынтымақтастықты нығайтпақ

Тараптар  «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы аясында  іске асырылатын жобаларға тікелей инвестициялар тарту және қор нарығын дамыту бойынша бір-біріне қолдау көрсетуге уағдаласты.

«Астана»  қаржы орталығы басшысы Қайрат Келімбетовтің сөзіне қарағанда, АХҚО үшін  әлемнің 130 елімен әріптестік қарым-қатынас орнатқан «Jumore» тәжірибесі аса маңызды.

«Астана» ХҚО Jumore электронды сауда алаңымен ынтымақтасуға дайын.

«Қазақстандық жобаларды «Jumore» электрондық коммерция алаңына қосу, сондай-ақ  аталған компанияның тәжірибесі мен технологиялық ресурстары «Астана» ХҚО қаржы хабы ретінде дамуына қосымша серпін береді», - деп атап өтті Қ. Келімбетов.

Еске сала кетейік, 2015 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады.