«Астана» ХҚО криптовалютаны зерделеуге кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде қаржы орталығы негізінде блокчейн орталығы ашылды. Сол жерде криптовалютаны қолдану мәселесі жан-жақты зерделенеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» ХҚО криптовалютаны зерделеуге кірісті

«Астана» ХҚО цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Әсел Жиенбаеваның айтуынша, криптовалютаны зерделеу жұмысы екі бағытта жүргізіледі.

«Негізі, криптовалютаны валюта, актив немесе төлем ретінде пайдалануға болады. Біз валюта ретінде қарастырмаймыз. Ол Ұлттық банктің құзіретіне жатады. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы болса, криптовалютаны актив сияқты, я болмаса, төлем жүргізу технологиясы ретінде қарастыра алады. Осыған байланысты бізде блокчейн орталығы ашылды», - деді Ә.Жиенбаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, блокчейн орталығы үш платформамен жұмыс істейтін болады. Біріншісі - «Corda» блокчейн платформасы. Аталған жүйе R3 Халықаралық консорциумына тиесілі.

«Бұл - тікелей қаржы саласында қолданалатын блокчейн-платфома. Онымен ақшаны бір-бірімізге жібере аламыз. Соны біз банктермен бірге қолданып көреміз. Екінші технология «Мастерчейн» деп аталады. Бұл - Ресейдің арнайы жасаған қаржы саласындағы технологиясы. Үшіншісі - IBM-нің технологиясы. Осы үш технологияны қарастырып, бірнеше жобаны жасаймыз. Соңында нақты қай бағытта енгізу керектігін шешеміз. Қандай нәтиже береді? Дұрыс па? Жоқ па? Бұның барлығын жан-жақты зерделейміз», - деп атап көрсетті Ә.Жиенбаева.

Айта кетейік, «Астана» ХҚО цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Ұлттық банкке криптовалюталар нарығын тездетіп бақылауға алуға кеңес берді.