Astana Hub сегіз жылда 2 700 компанияны біріктірді
АСТАНА. KAZINFORM — Astana Hub халықаралық инновациялық кластері 8 жыл ішінде құны 6,7 млрд доллар болатын технологиялық экожүйе құрды.
Astana Hub сегіз жылда 2 700 компанияны біріктіріп, қазақстандық IT саласының дамуына үлес қосты. 2019 жылдан бері экожүйе қатысушыларының жиынтық табысы 6,7 млрд долларға жетіп, IT қызметтерінің экспорты 2,4 млрд долларды құрады. Ал стартаптар 2 млрд доллардан астам инвестиция тартты.
Бүгінде Astana Hub құрамында шетелдік үлесі бар 560 компанияны қоса алғанда, 2 700 кәсіпорын бар. Қазақстанның 20 өңірінде IT-хабтар жұмыс істейді. Олар ашылғалы бері 5 200-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 80 мың адам қатысқан. Сонымен қатар 700 стартап өз жобасын таныстырды.
2026 жылғы маңызды оқиғалар
Биыл Шымкентте Digital Qazaqstan форумы, Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы және Қазақстанда алғаш рет GITEX AI Kazakhstan көрмесі өтті. Сондай-ақ NVIDIA мен OpenAI өкілдері қатысқан HackAlem AI хакатонына 2 415 адам қатысып, Гиннесс рекорды тіркелді.
IT мамандарын даярлау
Astana Hub жаңа буын IT мамандарын даярлауға арналған бірнеше білім беру бағдарламасын жүзеге асырады. TUMO Astana орталығында 2 430 жасөспірім цифрлық және креативті бағыттарды меңгеріп жатыр.
Tech Orda бағдарламасы аясында 11 410 маман даярланды. Түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналасқан. Tomorrow School мектебінде 481 студент білім алуда. Екі жыл ішінде мектепке 24 мыңнан астам өтінім түсіп, оның желісі Қазақстанның 14 қаласына дейін кеңейді.
Ал машиналық оқыту саласындағы ML School Kazakhstan бағдарламасына түсуге 822 өтінім түсіп, 32 адам іріктелді. Бұған қоса, онлайн-платформада деректерді талдау, Prompt Engineering және No Code/Low Code бағыттары бойынша курстар ұсынылады.
Стартаптарды қолдау және инвестиция тарту
Astana Hub стартаптарға арналған акселерациялық бағдарламаларды да дамытып келеді. Silkway Accelerator 83 стартапты қолдаса, Startup Garage 1 400-ден астам жобаға көмектесті. AI’preneurs бағдарламасын 125 адам аяқтап, 51 стартап жоба әзірледі. Олардың сатылымы 618 мың доллардан асып, тартқан инвестициясы 400 мың долларға жетті.
Астана әкімдігімен бірлескен Astana Innovations Accelerator бағдарламасына 354 өтінім түсіп, 17 жоба қала мектептерінде, медициналық мекемелерде, коммуналдық кәсіпорындарда, көлік саласы мен ТЖД бөлімшелерінде іске қосылды.
Ал Central Eurasian Market Entry бағдарламасына 14 елден 132 өтінім түсіп, 13 стартап іріктелді. Бағдарлама олардың Орталық Азия нарығына шығуына көмектеседі.
Халықаралық байланыс және инвестициялар
Astana Hub Ventures қорының портфелінде 90-нан астам стартап бар. 2026 жылы қор Higgsfield, Mirai Tech, Perceptis, PanDev Metrics, Luwo, Admyra, Resti және Scano жобаларына инвестиция салды.
Қазақстандық стартаптардың шетел нарығына шығуына көмектесетін Hero Training, Alchemist Silkroad және Globalpreneurs бағдарламалары да жұмыс істейді. Сонымен қатар Astana Hub АҚШ, БАӘ, Қытай, Малайзия және Ұлыбританияда халықаралық инновациялық хабтар желісін дамытып келеді.
Digital Nomad Residency және Digital Nomad Visa бағдарламалары арқылы шетелдік IT мамандарды Қазақстанға тарту көзделген. Олар іске қосылғалы бері 82 елден 2 200 өтінім түскен.
Сегіз жыл ішінде Astana Hub стартаптар мен технологиялық компанияларды қолдайтын ірі экожүйеге айналды. Бүгінде оның жұмысы IT мамандарын даярлауға, инновациялық жобаларды дамытуға, инвестиция тартуға және қазақстандық компаниялардың халықаралық нарыққа шығуына бағытталған.
Осыдан бұрын Қазақстанда Astana Hub қатысушылары үшін тағы бір маңызды қолдау тетігі іске қосылғанын жазғанбыз.