Astana Hub-та тіркелген компаниялардың төлейтін жарна сомасы өзгере ме

АСТАНА. KAZINFORM – Astana Hub құрлымында стартаптарға көмектесу мүмкіндігі артады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.

 Astana Hub предлагают депутаты Мажилиса
Коллаж: Kazinform

Бұған дейін жаңа заң жобасы аясында Astana Hub-қа тіркелген компаниялар мүшелік жарна төлейтінін жазған едік.

Министрдің сөзінше, қазір Astana Hub-қа мүше заңды тұлғалар орталыққа тіркеліп, жұмыс істегені үшін кірісінің 1 пайызын ғана алым ретінде төлеп отыр. Енді бұл алымның орнына мүшелік жарна тетігі енгізіледі.

Осы орайда Парламент Мәжілісінде тілшілер «алымдар мен төлемдерді» не себепті «мүшелік жарналарға» ауыстырылып жатқанын сұрады.

Өз кезегінде Ж.Мәдиев заңды тұлғалардың орталыққа төлейтін жарнасы да 1 пайыз деңгейінде сақталатынын нақтылады.

- Сомасы мен пайызы өзгермейді, яғни 1 пайыз деңгейінде қалады. Бұл тұрғыда тек ұғымын өзгертіп жатырмыз. Алымның орнына «мүшелік жарна» ұғымын енгізу арқылы салық саласындағы оңтайландыру жағынан пайда болады. Сонымен қатар, стартаптарға көмектесу мүмкіндігі артады, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжіліс Astana Hub пен Инновациялық технологиялар паркін біріктіру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

 

Соңғы жаңалықтар