«Astana Innovations» басшысы елордадағы ерекше жоба туралы айтып берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев елордадағы әлеуметтік және өзге де мәселелерді шешуге арналған жүйе туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Геоақпараттық жүйені енгізу бойынша жобаны іске асыру басталды. Атап айтқанда, біз Астанада бар ғимараттар бойынша мәліметтер базасын қалыптастырамыз, яғни әлеуметтік нысандар санатындағы мектеп, аурухана және емханадан бастап, сонымен қатар тұрғын үйлерді, инфрақұрылымды әрі көліктік тораптарды қамтимыз», - деп тоқталды Олжас Сартаев «Астана - даму мен инновацияның 20 жылы» форумында.
Оның сөзіне қарағанда, жинақталған мәліметтер бірыңғай виртуалды картада ұсынылады.
«Барлық деректерді картада шоғырландырған кезде, қаланың қай ауданында мектеп, аурухана және балабақша жетіспейтіндігі туралы жағдайды жеңіл анықтауға мүмкін болады. Мұнымен қоса, бұл жүйемен жол-көлік оқиғалары мен вирустардың және инфекциялардың таралуы ахуалына мониторинг жүргізуге болады», - деп нақтылады компания басшысы.
Оның айтуынша, геоақпараттық жүйе нақты мәліметтер негізінде шаһардың қай бөлігінде қажетті жұмыстарды күшейту керектігін анықтап отырады. Бұл тұрғыда қар тазалауды қажет ететін аулалар мен көшелер де нақты көрсетіледі.
«Осы мүмкіндіктер арқылы балабақша мен мектеп құрылысына сұраныс артып отырған жерлер, қоғамдық көліктің желісін оңтайландыруға қатысты мәселелерге нақты баға беріледі. Жүйеде тәуекелдерге талдау жасау мүмкіндігі қаланың инвестициялық тартымды аймақтарын анықтауға жол ашады, осы арқылы біз инвесторлардың табыстылығына кепілдік бере аламыз», - деп түйіндеді сөзін Олжас Сартаев.