19:14, 20 Маусым 2023 | GMT +5
Астана іргесіндегі өрттің себебін арнайы комиссия анықтайды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Астана іргесіндегі өрттің себебі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, елорданың іргесіндегі өртті жылдам ауыздықтауға жел кедергі келтірген.
«Жел отты жалындатып, түтінді қоюлатып жіберді. Ондай өртті сумен ғана өшіру мүмкін болмады. Әйтпесе оқиға орнында техника мен адам жеткілікті болды», - деді министр.
Сондай-ақ, ол өрттің тұтануына не себеп болғаны әлі беймәлім айтты.
«Оның бәрін арнайы құрылған комиссия айта алады. Бұл жерде фактор көп. Біреу тастаған темекі тұқылынан да тұтануы мүмкін. Далада жатқан шыны құтының оптикалық құбылысынан да шығуы ықтимал. Бәлкім біреу әдейі өртеген де шығар. Бәрі мүмкін», - деді Сырым Шәріпханов.
Еске сала кетейік, мұның алдында Төтенше жағдайлар министрі елорда маңындағы өртті сөндіруге екі апта уақыт керек екенін айтқан еді.