Астана Ішкі істер департаментінің бастығы А.Әубәкіров оқу мекемелерінің басшыларымен кездесті

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астана қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров қаланың мектеп, колледж және лицей директорларымен кездесті.

Астана Ішкі істер департаментінің бастығы А.Әубәкіров оқу мекемелерінің  басшыларымен кездесті

ІІД-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, А.Әубәкіровтың Білім беру басқармасының басшылығымен, 6 мектеп, 7 кәсіби лицей және 28 колледж директорларымен өткен кездесудің мақсаты -кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыскерлік мәселесін талқылау болды.

Қаланың бас полицейі кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қолданылатын шаралар бойынша ішкі істер органдары мен білім беру мекемелерінің байланысы мәселесін көтерді.

«Елордалық сақшылар қылмыскерлікпен күресті күшейтуге, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кешенді және құқықтық шаралар қолдануда. Полицейлер түйіткілдермен жұмыс істеп қана қоймай, оның алдын алады. Мұндай жағдайда оқытушы құрам да тыс қалмау қажет. Оқу орнының әрбір басшысы ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру қажет және оған қоғам өкілдерін тарту керек», - деді А.Әубәкіров.

Кеңес барысында Департамент басшысы балалар мен жасөспірімдерді қылмыстық озбырлықтан сақтау, оларды жеке қауіпсіздік шарасына оқыту, қоғамдық жерлер мен көшелерде жүріп-тұру мәселесіне баса назар аударды.

Осыған байланысты ата-аналар комитетінің рөлін көтеріп, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, соның ішінде ІІО-ның ардагері болып келетін ата-аналар құрамын тарту қажет.

Мектеп, колледж басшылары да өз тараптарынан елордалық полицейлерге өз пікірлері мен көзқарастарын жеткізді. Мәселен, олар мектеп инспекторларына оң баға беріп, оқытушылар мен инспекторлардың бірлесіп өткізетін шаралары оқушылар арасында қылмыс жасауды төмендетуге оң баға беріп отырғанын айтты.

Қалада «Полицейдің жас досы» жасақтары өз жұмыстарын жалғастыруда. Колледждерде тәртіптік кеңестер құрылып, олардың құрамына оқытушылар, психологтар мен оқу топтарының көшбасшылары кірді.

Кеңес нәтижесінде мектеп, ата-аналар комитеті мен полицейлердің байланысын бекіту, мектеп инспекторларының жұмысын күшейту бойынша бірқатар шешімдер қабылданды.