Астана қалалық Әділет департаменті қаладағы барлық заңгерлердің басын қосып, үйлестіру кеңесін өткізбек

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мамыр айында Астана қалалық Әділет департаменті қаладағы барлық заңгерлердің басын қосып, үйлестіру кеңесін өткізбек. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Әділет департаментінің бастығы Ерболат Балғабаев мәлім етті.

Астана қалалық Әділет департаменті қаладағы барлық заңгерлердің басын қосып, үйлестіру кеңесін өткізбек

Оның сөзіне қарағанда, Әділет департаменті осы уақытта аталған үйлестіру кеңесінде талқыланатын бірнеше тақырыпты талқылауда. «Бүгінде құқық қолдану саласында қандай мәселелер бар олардың барлығын бірлесіп отырып, ой елегінен өткізуіміз керек. Айталық, бүгінде елімізде қызмет етіп жатқан нормативті - құқықтық актілерді тіркеу бөлімі бар. Десек те нормативті-құқықтық акті мен құқықтық актіні шатастыратын заңгерлер бар. Құқықтық мемлекет ретінде бізге осындай мәселелерді біріге отырып, ортаға салуға не кедергі? Осы себепті біз осындай үлестіру кеңесін ұйымдастыруды жөн санап отырмыз»,-деді департамент бастығы.

Оның айтуынша, жиын барысында әділет саласының қызметіне байланысты көптеген мәселелер талқыланады. Қазіргі таңда олар сарапқа салынуда, сондай-ақ онда көптеген қызықты деректер жария етілетін болады.