«Астана қалалық балалар үйі» мемлекеттік мекемесіндегі 22 баланың жеке іс-қағаздары толық қамтылмаған - прокуратура
АСТАНА. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Астана қалалық балалар үйі» мемлекеттік мекемесіндегі 22 баланың жеке іс-қағаздары толық қамтылмаған.
Бұл туралы бүгін қамқоршылық және қорғаншылық органдарының қызметіне байланысты тексерулердің нәтижелері бойынша журналистермен кездескен Астана қалалық прокурорының көмекшісі Ольга Ионова мәлім етті.
Оның мәліметтеріне қарағанда, аталмыш мекемеде балалардың мүліктік құқықтарына байланысты да заңбұзушылықтар орын
алуда. Оның мысалдарына қарағанда, маусымның 1-і күні Білім басқармасының бұйрығымен балалар үйіне 13 жасар Кристина Гербер орналастырылған. Оның шешесі 2007 жылы қайтыс болған. Ал әкесі бас бостандығынан айыру орындарында жатыр. Кристина балалар үйіне орналастырылғанға дейін оның отбасының жылжымайтын мүлкі болған. Азаматтық кодекс талаптары бойынша Кристина осы мүліктің мұрагері болуға құқылы. Алайда балалар үйінің әкімшілігі қажетті құжаттарды құзырлы органдарға ұсынбаған. «Осы тектес заңбұзушылықтар В.С.Бардт атты азаматқа қатысты орын алған. Оның асыраушысынан айырылғандығына байланысты мемлекеттен алуы тиіс жәрдемақы тағайындалмаған», деді прокурордың көмекшісі.