Астана қалалық Білім басқармасы «Қош келдің, Әз Наурыз!» мерекесін өткізді
АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Елордамызда Астана қаласы әкімдігінің басқармалары арасында Наурыз мейрамын мерекелеу бойынша байқау өтіп жатыр.
Байқау аясында Астана қалалық Білім басқармасының қызметкерлерінің ұйымдастыруымен бүгін №65 орта мектепте «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты мерекелік шара болып өтті.
Білім басқармасы бастығының орынбасары Римма Иманғазинованың мәлімдеуінше, Наурыз мейрамын мерекелеу байқауына білім, денсаулық сақтау, ішкі саясат, экономика және бюджеттік жоспарлау сынды Астана қаласы әкімдігінің барлық басқармалары қатысуда.
«Астана қаласы білім басқармасы «Қош келдің, Әз Наурыз!» мерекесін өткізу арқылы халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт- дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттауды мақсат етті», - деді Римма Иманғазинова өз сөзінде.
Мерекелік шара барысында қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, «Наурыз көже - Наурыздың ырым асы», «Құда - мың жылдық, күйеу - жүз жылдық», «Салт- дәстүр - ата дәстүр», «Үйірімен - үш тоғыз» атты төрт бөлім бойынша тұсау кесер, құйрық-бауыр асату, наурыз көже әзірлеу сынды дарқан дала болмысының көркем айшықтары сахналық қойылым ретінде жұртшылық назарына паш етілді. Ұлттық ән, би, күй өнері насихатталып, ұлттық ойындар ойналды.
Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Қыз Жібек, Айман-Шолпан, Абай бейнелерін шараға жұмылдырылған мектеп оқушылары шеберлікпен сомдап, мерекенің қайталанбас сән-салтанатына өнерлерімен өзгеше өрнек қосты.