Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының жаңа жетекшісі Э.Байжүнісовке төсбелгі табысталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық әкімдігінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі Салидат Қайырбекова Астананың денсаулық сақтау басқармасының жаңадан тағайындалған жетекшісі Эрик Байжүнісовке кәсіби еңбегі үшін төсбелгі табыстады.
«Біз бұрынғы вице-министріміз Эрик Әбенұлының түйіндемесі мен өмірбаянын тағы бір рет қарап шықтық. Оның өмірбаянын білесіздер, ол аймақтардағы денсаулық сақтау саласына басшылық еткен. Бұл азаматқа денсаулық сақтау жүйесіндегі үлкен жетістіктері үшін әлі күнге төсбелгі берілмегені белгілі болды. Еңбегіңізге рахмет айтамыз», - деді Салидат Қайырбекова.
Э.Байжүнісовке Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Ұлттық денсаулық сақтау палатасының атынан кәсіби жетістіктері үшін тағы бір медаль табысталды.
Э.Байжүнісов Астана қаласы денсаулық сақтау басшысының міндеттерін атқарушы қызметін атқарған. Бұған дейін ол Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінде болды (2010-2014 жж.). 2008-2010 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысы басқармасының бастығы, ал оған дейін Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы бастығының емдеу жұмысы бойынша бірінші орынбасары лауазымын атқарды.