Астана қалалық ІІД-де Конституция күніне орай шаралар өтті
СТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Даниел Шайынғазин/ - Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 15 жыл толып отыр. Конституция еліміздің түкпір-түкпірінде мерекеленіп жатыр. Бұл атаулы күн Астана қалалық Ішкі істер департаментінде де атап өтілуде.
Департамент қабырғасында Қазақстан Республикасының Конституциясымен байланысты әр түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Солардың бірі құқықтық білімді жоғарылату, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, Қазақстан полициясының оң имиджін нығайту мақсатында «Үздік жедел қызметкер» және «Үздік тергеуші» аталымдары бойынша байқау өткізілді. Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Бейсеевтің төрағалығымен өткізілген байқаудың алғашқы кезеңі жедел уәкілдердің Қазақстан Республикасының Конституциясы, мемлекеттік тілді жетік меңгеру бойынша тест тапсырысымен басталды. Бақытжан Бейсеев байқауға қатысушыларға табыс тілеп, осы бағыттағы шаралардың алдағы уақытта жалғасатынын айтты. Комиссия мүшелерінің бірі, Астана қаласы бойынша прокуратурасының жедел-іздестіру жұмысының заңдылығын қадағалау бойынша басқармасы бастығының міндетін атқарушы әділет кіші кеңесшісі Арман Кенжебеков байқауға қатысушыларға әділ бағасын беріп, төрелік етті.
Байқаудың екінші кезеңі Астана қалалық ІІД-нің тирінде жалғасты. Бұл жерде қызметкерлер атыс даярлығынан бақ сынасты. Қару қолдануды меңгеру - департамент қызметкерлерінің ең басты міндеті. Міне осындай бәсекеде күш сынасқан ер-азаматтардың арасында қыз-келіншектер де болды. Солармен иықтарын тірестіріп тұрып, күш-қауқарын салыстырған нәзік жандылар - Сарыарқа аудандық Ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты Динара Молдагелдинова жігіттердің арасында жоғары көрсеткіш көрсетті. Нәтижесінде жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен дипломдармен марапатталды. Бұл күн осы шарамен аяқталып қана қойған жоқ.
Сондай-ақ қалалық ішкі істер департаментінде әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің салтанатты ант қабылдау рәсімі өткізілді. Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталған бұл рәсімге Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев, Департамент Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Танабергенов және елордалық гарнизонның жеке құрамы қатысты. Ішкі істер департаментінің мұражайында мұндай шара жиі өткізіледі. Осылайша департамент қабырғасында бір күннің ішінде бірнеше шара өтіп, елордалық сақшылар Конституция күнін мерекелеуге өз үлестерін қосты. Ал ертең Департаменттің мәжіліс залында қызметкерлерге үлкен концерт ұйымдастырылып, дастархан жайылады.