Астана қалалық ІІД-де Полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астана қалалық Ішкі істер департаменті жанындағы Полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыс барысында Астана қаласы бойынша көшіп -қонушыларға қатысты полиция тарапынан қолданылып отырған шаралар мен Елбасының биылғы жылғы Жолдауына қатысты мәселелер талқыланды. Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Құсайын Сандыбаевтың сөзіне қарағанда, 2008-2009 жылдар аралығында қалада уақытша тіркелген шетелдік азаматтар саны азайып отыр. Мысалы 2008 жылдың екі айында елордада ішкі істер органдарында 15 мың 842 шетелдік тіркелсе, ағымдағы жылдың екі айында бұл көрсеткіш 9 мың 780-ді құрап, екі есеге дерлік кеміген. Қалада көші-қон саласының қызметін жетілдіруге байланысты полиция тарапынан көптеген кешенді шаралар атқарылуда. Осыған байланысты қоғамдық кеңес өкілдері көші-қон саласы полицейлерінің қызметіне қатысты өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Кеңес өкілдерін әсіресе, шеттен келген азаматтарды тіркеу процедуралары мен олардың құқықтарына қатысты мәселелер қызықтырды. Кеңес мүшесі, заңгер Марат Бәшімов Ішкі істер департаменті басшылығына тәртіп сақшылары арасында сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысын күшейту қажеттігін айтты. Оның сөзінше,
елде Мемлекет басшысы берген арнайы тапсырма бар. Сондықтан жемқорлармен күресті ештеңеге алаңдамастан барынша ашық, әрі қарқынды жүргізу қажет. Қоғамдық кеңестің мәжілісіне қатысушылар аталғандармен қатар Елбасы Жолдауындағы полиция органдарына қатысты айтылған мәселелерді жан-жақты талдап,
оған қатысты өздерінің ұсыныс, пікірлерін де білдіріп тиісті шешімдер қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, Полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқық қорғау органы қызметкерлеріне деген сенімін арттырып, тәртіп сақшылары мен үкіметтік емес ұйым арасындағы байланыстарды нығайту мақсатында құрылған консультативті орган.