Астана қалалық ІІД-інде ашық есік күні өтті
СТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық ішкі істер департаментінде ашық есік күні жарияланып, азаматтарды «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» аудандарының, сондай-ақ Жол полициясы басқармасының басшылары өздерінің жеке қабылдауына шақырды.
«Сенің «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» дегеніңнің маңызы бар» атты ақпараттық-насихаттау акциясы «Нұр Отан» ХДП-ның Астана қалалық филиалы мен Астана қалалық ІІД бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Бұл жолғы шара барысында түрлі сұрақтармен келген тұрғындар ведомство бастығы орынбасарларының қабылдауында болып, өздерін мазалаған сұрақтарына нақты жауаптар алды.
Бұл акция - сыбайлас жемқорлыққа қарсы бұған дейін жүргізіліп келген шаралардың заңды жалғасы екендігін атап өткен Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрділдә Ораз «әрине, сыбайластықтың түп тамырына балта шабу мүмкін емес, алайда жүргізіліп жатқан шаралардың арқасында оның деңгейі айтарлықтай төмендейді. Бүгінгі белгіленген шаралардың іске асуына бүкіл халық болып атсалысатын болсақ, міне, сонда біз бұл дерттен айығуға аз да болса өз үлесімізді қосамыз», деген пікірін білдіреді.
«Азаматтар ашық есік күніне келіп, полиция қызметкерлері тарапынан орын алған заң бұзушылықтар немесе сыбайлас жемқорлық оқиғалары туралы кадр жұмысы басқармасының жұмыс тобына 71-63-28, 71-63-09 телефондарына хабарласуларына болады», дейді аталған ведомствоның жеке құрам жөніндегі инспекциясының бастығы Өтеп Тынымбаев.
Аталған шараның нақты жүзеге асуын департамент басшылығы қатаң қадағалауға алып отыр. Акция мамырдың 28-інде тағы бір мәрте өтеді.